Абай • Бүгін, 08:05

Абай мұрасынан қуат алған тұлға

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абайдың бірғасырлық мерекесі 1945 жылы аталып өткенін білеміз. Осы оқиғадан бір жыл бұрын Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың бұйрығымен «Абай» фильмін түсіру туралы шешім қабылданған болатын.

Абай мұрасынан қуат алған тұлға

Осы фильмде Абай рөлін сомдаған Қазақ КСР халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың естелігі ақын тойы қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 11 тамыз күнгі №165 санына жариялаған екен. Осы естелікте халық әртісі: «Қазақ халқының ұлы ақыны Абайды мен 12 жасымнан білемін. Біздің ауылға «Абай қайтыс болды» деген хабар жеткенде жайлауға көшкелі отырған бір тайпа ел көшпей, үлкен адамдар қайғырып, аза тұтқаны есімде. Сол кездің өзінде біздің жақта «Абайдың өлеңі», «Абай айтыпты» деген сөздер көп таралатын. Үш-төрт кісі бас қосса Абайдың атын айтпай отырмайтын.

Абай тірі кезінде біздің ауылдың Мәуқай деген адамы жыл сайын ақынның ауылына барып, қыстай жатып, жаз шыға елге қайтып жүрді. Сол кісі қарттық басып отырып, «Абай-ай, аулыңа барып, бір қонып, өзін көріп қайтсам-ау» деп жылайды екен. Сонда замандас­тары «Әй, Мәуқай-ау, Абай, Абай деп қайтпас сапарға кеткен адамды аңсай беріп қайтесіз. Артында өлмейтін сөзі қалды. Абайды күнде еске түсіріп, оның әнін шырқап, өлеңін айтып жүрген жігіттер бар емес пе? Кәне біреуің Абайдың өлеңін айтып жіберіңдерші» дейтін. Сонда Пішім, Қали, Ғаббас деген әншілер Абайдың әні мен өлеңін айтатын еді.

Сонда Мәуқай: «Әй, қарақ­тарым-ай, тап осы сендердің мені төбелеріңе көтеріп отырғандарың айналып келіп, Абайдың қасында тізерлеп отырып алып: «Абай аға шақшаңды берші» деп бір атым насыбай сұрап атқанға та­тымай тұрған жоқ па?», дейді  екен.

Абайдың әнін жақсы айтатын адамдар ел ішінде абыройлы болып жүрді. Соның бірі мен едім. Талабымды байқаған Мұқаметәлі деген қария Абайдың сөзін жаттатып, үйретті. Сөйтіп, біз бала жастан Абаймен ауыздандық.

1931 жылы октябрьдің ішінде Жүсіпбек Елебеков екеуміз Шың­ғыстауға бардық. Өлең айтып, ән салып сол елде көп жүрдік. Көбінде Абай әндерін айтамыз. Ел ішінде Абайды көрген адамдар баршылық екен. Солар­мен ұзақ түндер әңгімелестік. Олардың түрлеріне қарап отырып, бет әлпеттерінен, отырыс­тарынан, қозғалыстарынан, қабақ қағыстарынан, көз қарастары­нан, сөйлеген сөздерінен көп нәрсе ойымда қалды. Солар маған әңгі­ме арқылы Абайды көзіме елес­теткені өмірде ұмытылар емес. Кейінгі жылдар – театрда, кинода Абай образын сомдағанда осы оқиғалар керемет көмек болды.

Кейін 1939–1940 жылдары «Абай» пьесасын қойғанда ақын­ның рөлін ойнадым. Осы кезден бас­тап Абайды бұрынғыдан жете зерт­теуге тұра келді... Әрине, Абай образын толық жасадым деп айта алмаймын. Мұндай ұлы адам­ның бейнесін жете суреттеу аса қиын іс. Абайдың адам­­ды сүю, әділ­дікті аңсау, қа­раң­­ғылықтан қашу, жаңалыққа төре­лік беру сияқты толып жат­қан жетістіктерін өз шама-шар­қым­ша сомдап жүрмін деп ойлаймын», деп жазыпты.