
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұл ретте Мемлекет басшысының биылғы сәуір айындағы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», деген сөзінің мағынасы терең. Президенттің пікірінше, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау – әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет.
Шынтуайтында, біз – тазалықты ежелден қастер тұтқан жұртпыз. Қоғамдық санада тазалық пен адалдық қатар тұратын егіз ұғым болып қалыптасқан. Маңайы көң-қоқыстан ада, іші де мұнтаздай таза үйлердің еңбекқор иелері қашанда көпшіліктің шынайы құрметіне ие. Ал «Қолы таза азамат» деген сөз – адамның адалдығын білдіретін мінездеме.
Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы жалпыұлттық қозғалысқа айналып отыр. Оған бір жыл ішінде 9 млн отандасымыз атсалысқаны, оның 448 мыңы ерікті екені – соның айғағы. «Таза Қазақстан» – тазалық сенбіліктерін өткізумен шектелмейтін, ауқымы кең бағдарлама. Мәселен, «Таза өлке» апталығында елді мекендер тұрғындары, әртүрлі ұйым мен кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартты.
«Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары абаттандырылды. «Жасыл аймақ» апталығында көшеттер отырғызылып, ағаштар әктелді. «Өнегелі ұрпақ» апталығында жастар ардагерлердің үйлерінің аулаларын тазаласып, қарттар үйлерінің аумақтарын абаттандыруға атсалысты. «Мөлдір бұлақ» апталығында өзен-көлдердің айналасы қоқыстан тазартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет былтырғы 31 қазандағы қаулысымен Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын бекітіп, оны жүзеге асыруға кірісті. Аталған тұжырымдама аясында экологиялық ойлау және экологиялық жауапты мінез-құлықты ынталандыру және оны көтермелеу іс-шараларына, экологиялық білім беруге баса назар аударылып отыр.
Осы жылдың басынан бастап «Таза Қазақстан» аясында ел бойынша 874 іс-шара, соның ішінде бірқатар республикалық және халықаралық акция өткізілді. 1 млн 400 мың тоннадан аса қоқыс жинап алынып, елді мекендерде 2 млн 400 мыңнан аса ағаш отырғызылды.
Telegram @ TazaQazBot цифрлық платформасы сәтті іске асырылып жатыр. Оның көмегімен еліміздің кез келген тұрғыны экологиялық проблемалар мен абаттандыру мәселелерін шешуге өз үлесін қоса алады. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 22 мың өтінім келіп түскен. Оның 21 мыңнан астамы орындалған. Көбіне адамдар аумақты жинау, қоқыс шығару, көшелерді абаттандыру және тротуарларды күтіп ұстау қажеттілігі туралы хабарлап жатады.
«Таза Қазақстан» аясында қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге арналған инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылып жатыр. Себебі жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан аса коммуналдық қалдықтар жиналады, ал оларды өңдеу деңгейі былтыр 25,8 пайызға әрең жетті. Еуропаның дамыған елдерінде қалдықтарды өңдеу мен сұрыптаудың орташа деңгейі шамамен – 50 пайызға, Жапонияда – 40 пайызға, Оңтүстік Кореяда 60 пайызға жеткен. 2024 жылдың басында еліміздің 207 қаласы мен ауданының 142-сінде ғана қалдықтарды бөлек жинау енгізілген, ал сұрыптау 130 қала мен ауданда ғана қолға алынған. Тұрғындар қоқысты бөлек жинау талаптарын сақтамай, көшеде әртүрлі контейнерлер орнатылғанына қарамастан, қалдықтардың бәрін бірге тастауды жалғастырып келеді. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан басқа өңірлерде қайта өңдеуге арналған қалдықтарды қабылдау пункттерінің инфрақұрылымы нашар дамыған.
«Таза Қазақстанның» тағы бір бағыты – елді мекендерді көгалдандыру және орманды ұлғайту. Мемлекеттік орман қоры аумағында 1 369 млн көшет отырғызылды, оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған түбінде 48,7 млн дана сексеуіл егілді. Бұған қоса, сапалы көшет материалымен қамтамасыз ету мақсатында орман тұқымбақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанның әлеуметтік даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүргізген сауалнама экология тақырыбы азаматтардың көпшілігін алаңдататынын көрсеткен. Респонденттердің 57,1 пайызы жарық пен суды үнемдейтінін, 50,5 пайызы энергия үнемдейтін шамдарды пайдаланатынын айтқан. Халықтың 25,3 пайызы ғана қоқысты сұрыптайды. Әрбір бесінші азамат үйде болмаған кезде жылу құрылғысының температурасын төмендетіп кетеді. Респонденттердің 16,3 пайызы ғана ағаш отырғызу және аумақты тазарту іс-шараларына қатысуға мүдделілік білдірген.
Жасалған талдау елімізде экологиялық тұрғыдан ең белсенді өңірлер Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Жетісу облыстары екенін көрсеткен. Ондағы респонденттер экологиялық дағдыларды күнделікті өмірде жиі қолданады. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғындарының 84,1 пайызы қайта пайдалануға болатын ыдыстарды, 69,5 пайызы қайта пайдалануға болатын пакеттерді қолданады, 37,1 пайызы ағаш отырғызу, сенбілік акцияларына қатысады. Қостанай облысында респонденттердің 49,6 пайызында қоқысты сұрыптау, 80,9 пайызында энергияны үнемдейтін электр шамдарын пайдалану және 17,4 пайызында макулатура жинау дағдылары қалыптасқан. Жетісу облысында энергияны үнемдейтін электр шамдарын пайдалану (тұрғындардың 82,1 пайызы) және жарық пен суды үнемдеу (79,8 пайыз) кеңінен тараған. Ақтөбе облысы тұрғындарының 83,8 пайызы өздері үйде болмаған кезде жылу құрылғыларының температурасын төмендететінін атап өткен, сондай-ақ мұнда жарық пен суды үнемдеу көрсеткіші (92,8 пайыз) де жоғары. Алайда жастар жағы қоқысты сұрыптауға біршама ынталы болғанымен (27,5 пайызы сұрыптайды), жоғарыда аталған экологиялық дағдылар бойынша белсенділігі төмен болып шықты.
Талдау көрсеткендей, елімізде халықтың экологиялық санасы әлі де жеткіліксіз. Бұл көптеген адамның күнделікті әрекетінің қоршаған ортаның жағдайы үшін маңыздылығын түсінбеуіне әкеліп соғып отыр. Сарапшылардың айтуынша, жұрттың экологиялық сана-сезімінің төмен болу себебінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық мәселелердің жеткілікті жарияланбауы. Мұның өзі адамдардың экологиялық бастамалардың мән-маңызы мен олардың планетаның болашағына әсері туралы толық түсінік алуына мүмкіндік бермейді.
Дегенмен «Таза Қазақстан» экологиялық жобасының арқасында сең қозғалғаны анық. Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейдің оқушысы Гүлмира Елубаева өзінің «Таза Қазақстан» эссесінде: «Әрбір адам үшін туған жер – киелі мекен. Ата-бабаларымыз ұрпақтарын туған жердің қадірін түсінуге, оның тазалығын сақтауға, табиғатты аялауға тәрбиелеген. Таза Қазақстан – біздің болашағымыз. «Табиғат ол – айнала, қасиетті өлкеміз», деп ақын Сұлтан Қалиев жырлағандай, табиғатты қорғау – біздің міндетіміз. Мектебіміз экологиялық бағытта жұмыс істейді. Оқушылар түрлі жобаларға қатысады. Биыл біз пластик бөтелке және олардың қақпақтарын жинау акциясына қатыстық. Осы қалдықтарға екінші өмір сыйладық. Біз экологиялық бұрышқа гүл егіп, оны суарып, күтім жасаймыз. Жыл бойғы еңбегіміздің нәтижесінде әдемі гүлдеріміз ерекше сән беріп тұр. Мен Таза Қазақстанға қандай үлес қоса аламын? Таза Қазақстан іс-шарасының бірі – ауланы қоқыстан тазарту. Қоқыс қалдықтарын арнайы жәшіктерге салу – қарапайым ереже. Кейбір адамдар кәмпит, балмұздақ, сусын ыдыстарын әр жерге қалдырып кете береді. Бұл – дұрыс емес. Әрбір адам өзінің жауапкершілігін арттырып, табиғатқа шынайы жанашырлық танытуға тиіс», деп жазыпты.
Бұл – біздің елден де «Кішкентай ханзадалар» шыға бастағанының белгісі.