
«Ен дала» шаруашылығы 46 мың гектар егістік жерді өңдейді. Оның ішінде бидай 25 мың гектарға, арпа 7 мың гектарға егілген. Сонымен қатар, майлы және мал азықтық дақылдардың әрқайсысы 4 мың гектар жерге себілген. Сүт өндірісінен бөлек, шаруашылықта қазақтың ақбас тұқымды 1,5 мың ірі қара малы мен мыңға жуық жылқы бар.
Шаруашылық басшысы Тимур Пшеновтың айтуынша, бүгінге дейін егіс алқаптарының шамамен 60 пайызы жиналды. Бидайдың өнімділігі гектарына 16–17 центнерді, арпаның өнімділігі шамамен 16 центнерді құрап отыр. Жиналған бидайдың басым бөлігі 1 және 2-классқа жатады.
Кездесуде фермерлерді мал шаруашылығын қолдау шаралары қызықтырды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, 1 тамыздан бастап мал шаруашылығында 50 млрд теңге көлемінде жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылды.
Жақын уақытта асыл тұқымды жоғары өнімді мал сатып алуға бағытталған «Игілік» бағдарламасы бастау алады. Бұл бағдарлама мал басын көбейтіп, генетикалық сапаны жақсартып, саланың өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Вице-премьер Мәншүк ауылындағы жаңа сүт-тауарлы ферманың жұмысымен де танысты. Жобаның жалпы құны — 6,2 млрд теңге. Оның ішінде 4 млрд теңге «Үлкен жоба» аясында 2,5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие есебінен қаржыландырылған.
Қазіргі уақытта фермада 2 мың бас сауын малы бар. Өндірістік қуаты жылына 12 мың тонна немесе тәулігіне 33 тонна сүт өндіруге жетеді. Кәсіпорында 70-тен астам жұмыс орны ашылған.
«Ауыл шаруашылығы экономиканың өсу драйверіне айналды. Оның ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 3,9 пайыз болса да, тасымалдау, қоймалау, қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі есебінен мультипликативті әсері әлдеқайда жоғары. Біз қазір жастарды ауылға тарту және ветеринар мамандығын жан-жақты қолдау бағытында жұмыс істеп жатырмыз», — деді сапарды қорытындылаған Серік Жұманғарин.