
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
«Көп нәрсе жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайына байланысты. Айта кететін жәйт, жазатайым жағдайлардың басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Мысалы, адамдар негізінен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының, жарық пен тротуарлардың жоқтығынан ажал құшады», деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр нақты мысалдарды келтірді. Алматыдағы Жетісу ауданында Жансүгіров пен Бұрындай көшелерінің қиылысы жиі апат орын алатындықтан, тұрғындар арасында «қауіпті өткел» аталып кеткен. Ал Астананың Үркер тұрғын алабында жаяу жүргіншілер өткелдері мен бағдаршамдар мүлде жоқ, сондықтан ата-аналар балаларын мектепке өздері жеткізуге мәжбүр.
Осыған байланысты Олжас Бектенов әкімдіктерге тұрғындар көтерген шағымдарға дер кезінде назар аударып, қауіпті учаскелерде тиісті инфрақұрылымды жедел қамтамасыз етуді тапсырды.