Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2025

Қарашөкеев орынбасарына сөгіс жариялады

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы басталғалы Жамбыл облысы трагедия ошағына айналды. Екі аптаның ішінде кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында үш бірдей қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарашөкеев орынбасарына сөгіс жариялады

Жасөспірімдер арасында аса ауыр қылмыстың жиілеп кетуіне байланысты шұғыл кеңес өткізген өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қарамағындағы бірнеше лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданды.

Өңір басшысы оқу жылы басталғалы орын алған оқиғаларға байланысты облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековке, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолдану үшін облыс әкімі аппаратына тапсырма берді. Сондай-ақ облыстық білім басқармасынан Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларының және өзге де жауапты тұлғалардың атқарып отырған қызметіне сәйкестігін қарастыруды талап етті.

Облыс әкімі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша шұғыл зерделеу тобын құрып, әр білім беру мекемесінде кеңейтілген сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша тиісті жұмыстарды жедел ұйымдастыруды міндеттеді.

Бұл құрылатын топ өңірдегі барлық мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қылмыстың салдары мен зардабын түсіндіруге күш салуы тиіс. Топ жетекшісі ретінде Тараз қаласы және аудан әкімдері жеке жауап беретін болады.