
Көрмеге қойылған жұмыстар Алматы мен асқақ Алатау баурайының тұмса табиғатын көз алдыңызға әкеледі. Олардың дені саябақтағы серуендерден туындаған әсерлер негізінде дүниеге келген. Күн сәулесі, жапырақ сыбдыры мен табиғаттың таңғажайып бояуларынан шабыт алған суретші бұл көрмені жай ғана картиналар топтамасы емес, өз сезімдерінің күнделігіне айналдырған. Әрбір кенеп – белгілі бір сәттің көрінісі іспетті. Өзен үстін жапқан таңғы тұман, батып бара жатқан күннен төгілген алтын шапақ, шөп арасындағы көлеңкенің ойыны тынымсыз плэнерлердің жемісі.
«Суретшінің «импрессионизм» бағытына деген құштарлығы айқын көрінеді. Табиғаттан алған шабыты арқылы ол туындыларында еркіндікке ұмтылады. Бұл көрме – суретшінің шеберханасында, шығармашылық сапарлар аясында жасаған үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Ол пленэрлерді ерекше жақсы көреді. Қоршаған ортаның ешқандай байлыққа сатып ала алмайтын көркем сұлулығы авторды терең толғанысқа жетелеп, табиғатпен үндескен әсерлі туындыларға шабыттандырған. Сезімтал жанды жазғы таулардағы серуендер, қала көшелері мен қысқы бейнелер ешқашан бейжай қалдырмайды. Осы әсерлер оның туындыларында жаңғырып, тіпті гүлдердің нәзік сұлулығын бейнелейтін натюрморттарда да айқын сезіледі», дейді өнертанушы Айсұлу Үсентаева.
Талғамы биік көрерменді серуен сиқырына бойлатып, күннің жылуын сезінуге, гүл жайнаған даланың хош иісіне елітіп, табиғат әуенін тыңдауға шақырған Светлана Какоткина Алматы қаласында дүниеге келген. Білімі бойынша – дизайнер, сәулетші. Бастапқы көркемдік білімін «Классикалық өнер гимназиясында» алған. 2002 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «Дизайн» мамандығы бойынша тәмамдаған. Студенттік жылдарынан бастап түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып, шығармашылық ізденісте келе жатқан шебер адам рухына керек барлық игілік табиғатта жатқанын айтады.
«Суретшінің қаламгерлерден айырмашылығы салған суретін өзге тілдерге аударып әуреленбейді. Себебі өнердің тілі тұтас адамзатқа ортақ. Оны әркім өз өресінде түсінеді. Табиғат – тұнып тұрған сурет. Сол суретті сезініп, көңіліңе көшіріп алу бөлек те, кенепке түсіру мүлде бөлек. Бояу гармониясын сезінбесең бәрі бекер», дейді көрме авторы.
АЛМАТЫ