
Қатысушылардың пікірінше, Президент бастамалары жастарды қолдауға, құқықтарды қорғауға, өңірлік дамуды күшейтуге, экологияны жақсартуға және елдің ғылыми-зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Олар Жолдау мемлекеттің дамуына жол көрсететін стратегиялық құжат екенін және ҮЕҰ оның орындалуына белсене араласуға дайын екенін атап өтті.
«Human Rights Lawyers» қорының жетекшісі Ләззат Рақышева заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуі қоғамның мемлекеттік институттарға сенімін арттыратынын айтты.
«Президент Жолдауы Қазақстанның болашағы үшін негізгі басымдықтарды айқындайды. Бұл мақсаттарға жетуде азаматтық қоғамның белсенді қатысуы маңызды. Әсіресе, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғауға баса назар аударылғаны ерекше мәнге ие, өйткені бұл қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне тікелей әсер етеді», деді Ләззат Рақышева.
«Қазақстан азаматтық альянсы» ұйымының директоры Нұрас Ералы ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктер ашудың маңызын атап өтті.
«Өңірлік жобаларды дамытуға және ауыл жастарын қолдауға ерекше назар аудару қажет. Жолдауда инфрақұрылым сапасын арттыру, жұмыс орындарын құру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары белгіленген. Мұның бәрі ауыл жастарына туған жерінде өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», деді ол.
Ал «Болашақ Қазақстанға» бірлестігінің төрайымы Бибінұр Шербаева сапалы білім мен инновацияны дамытудың елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөліне тоқталды.
«Қазақстан үшін отандық зияткерлік өнімдерді дамыту және жергілікті мамандардың рөлін күшейту аса маңызды. Президент сапалы білім, ғылым мен инновацияның елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізі екенін атап өтті. Бұл бағыт жаңа идеялар мен стартаптарға жол ашады», Бибінұр Шербаева.
Кездесу «Ашық микрофон» форматында жалғасып, ҮЕҰ әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру, инклюзивті ортаны кеңейту және азаматтық белсенділікті дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар Президент бастамаларын қолдап, Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру жолында ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.
Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырды. Аталған орталық жыл сайын білім, жастар саясаты, құқық қорғау, экология және азаматтық қоғамды дамыту саласындағы 100-ден астам әлеуметтік жобаны мемлекеттік гранттар арқылы қаржыландырады.