
- Түркияның Каппадокия қаласында үстел теннисінен WTT санатындағы халықараралық турнирдің шымылдығы түрілді. 26 мемлекет өкілдерінің басын қосқан бәсекеде еліміздің құрамасы сапында Дастан, Айдос Кенжеғұловтар, Жанерке Көшкімбаева, Ескендір Харки, Сарвиноз Мірқадырова, Санжар Жұбанов, Ангелина Романовская, Әнел Бақыт, Бақдәулет Әкімәлі, Владислав Захаров, Ирисбек Артукметов сынды спортшылар өнер көрсетеді.
- Астанада шорт-тректен ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысқа 73 спортшы қатысты. Солардың арасынан түрлі қашықтықта Әділ Ғалиахметов пен Мәлика Ермекова үш, Ольга Тихонова екі мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Яна Хан, Абзал Әжіғалиев, Нұртілек Қажығали, Глеб Ивченко бір-бір реттен бас жүлдені олжалады. Командалық сайыстарда Қостанай облысының өкілдері үш алтын олжалады, Астананың өрендері бір жарыста алдыңғы лектен көрінді.
- Қытайдың Гуйянінде құзға өрмелеуден Әлем кубогінің кезеңдік сайысы өтті. Өкінішке қарай, жерлестеріміз бұл жарыста жүлделі орындардан көріне алмады. Ең үздік нәтижеге Әмір Маймұратов қол жеткізді. 1/8 финалда қытайлық Шоухун Чуға есе жіберген ол 10-орынды қанағат тұтты.
- 30 қыркүйекте Алматыда футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы ойындары аясында жергілікті «Қайрат» Мадридтің «Реалын» қабылдайды. Осы кездесуде корольдік клуб қандай құрамада өнер көрсететіні белгілі болды. Бас бапкер Хаби Алонсо мына ойыншыларға сенім артып отыр: қақпашылар – Тибо Куртуа, Андрей Лунин, Фран Гонсалес; қорғаушылар – Дани Карвахаль, Эдер Милитао, Давид Алаба, Трент Александер-Арнольд, Рауль Асенсио, Альваро Каррерас, Фран Гарсия, Дин Хейсен; жартылай қорғаушылар – Джуд Беллингем, Эдуарду Камавинга, Федерико Вальверде, Орельен Чуамени, Арда Гюлер, Дани Себальос; шабуылшылар – Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Родриго, Гонсало Гарсия, Браим Диас, Франко Мастантуоно.
- Футболдан кейінге шегерілген 23-турдың бір ойыны өтті. Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. Матчтың 11 минутында Алан Чочиев айып добын сәтті орындап, жергілікті жанкүйерлерді бір қуантса, көп ұзамай Айбар Жақсылықов таразы басын теңестірді. Есеп – 1:1.
- АТР рейтингінде 259-орында тұрған еліміздің теннисшісі Михаил Кукушкин Францияның Сан-Тропесінде «ATP Challenger» санатындағы турнирді сәтті бастады. 1/16 финалда ол үздіктер тізімінде 143-сатыға жайғасқан корт қожайыны Пьер Эрберді 7:5, 6:7, 7:5 есебімен еңсерді. Енді тағы бір жергілікті ойыншы Том Парисемен күш сынасады.