
Жиында Президенттің халыққа Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллекті негізінде экономиканы жаңғыртуға қатысты қойған міндеттерді ескере отырып, сауда саласына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды. Соның ішінде тұтыну тауарларын цифрлық таңбалау жүйесін дамыту шаралары талқыланды.
Қазіргі уақытта елімізде таңбалауды енгізу үшін барлық жағдай жасалған. Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі мен оларды 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде кезең-кезеңімен енгізу мерзімдері бекітілген. Бұдан бөлек, негізгі бағыттар мен нысаналы индикаторларды айқындай отырып, 2030 жылға дейінгі сауда саясатының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтері бойынша үш тауар тобына міндетті таңбалау енгізілген. Шара өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, темекі өнімдері бойынша бюджетке түсімдер 1,5 есеге, аяқ киім бойынша 3 есеге, дәрі-дәрмектер бойынша 1,8 есеге өскен. Сондай-ақ таңбалау есебінен заңсыз темекі өнімдерін анықтау тиімділігі 6 еседен астам артқан. Ол 2022 жылғы 2 млрд теңгеден өткен жылы 12,8 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте соңғы құралатын бағаға тиетін әсер азайды, ол тауар бағасының 1%-на да жетпейді.
Кездесуге қатысушылар елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық және цифрлық реформалар туралы пікірлерін білдірді.
АҚШ-тың еліміздегі миссиясы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Виктория Джастин Санчес елдегі тұтынушыларды қорғау деңгейін арттыруға әрі заңсыз саудаға қарсы тұруға деген ұмтылысы оң екенін атап өтті. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич инвесторлардың сенімін нығайту мақсатында бизнес шығындарын азайту мен болжамды іскерлік ахуалды сақтау үшін цифрлық таңбалау жүйесін біртіндеп енгізу маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ «Efes Kazakhstan» компаниясының бас директоры Эртан Курт та кезең-кезеңімен енгізудің маңыздылығына назар аударса, «Procter&Gamble» дистрибьюторлық компаниясының бас директоры Андрей Башкиров бұл мәселеде басқа елдердің тәжірибесін ескеру қажеттігін айтты.
Көтерілген мәселелер бойынша Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов жауап берді. Таңбалауды енгізу оның бизнеске әсерін талдаумен қатар жүреді. Бұл ретте түпкі нәтиже ішкі нарықты контрафактілік пен жалған өнімдерден қорғау ғана емес, сонымен қатар отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру әрі экспортты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер туғызу туралы болмақ. Цифрлық таңбалау дегеніміз – тұтынушылардың сенімін, жеткізу тізбегінің ашықтығын, мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыратын нарықты тұрақты дамыту құралы.
Олжас Бектенов жиынды қорытындылай келе, еліміз ұзақмерзімді инвестицияларды тартуда ашықтық пен болжамдылыққа бейіл екенін атап өтті. Үкімет өндірістік қуатты кеңейтуге, локализациялау деңгейін арттыруға әрі ел экономикасының цифрлық трансформациясын тереңдетуге ниетті. Тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін дамыту өз кезегінде нарықтың ашықтығын арттырудың, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың әрі ІЖӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады (мұндағы көрсеткіш 2019 жылғы 23%-дан 2025 жылы 16%-ға дейін төмендеді).
Бұл ретте Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдарға бизнес тарапы көтеріп отырған мәселелерді қосымша зерделеп, тауарларды таңбалауды ауыртпалық салмай енгізу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.