
Жетпіс жылдық жылнамасы бар алматылық клуб биыл тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алып, жанкүйерлерді қуантты. Дегенмен де алғашқы жорық сәтсіз болды. Рафаэль Уразбахтин баптайтын «Қайрат» ойыншылары «Спортинг» футболшыларынан 4:1 есебімен ойсырай ұтылды. 21-минутта «Спортингтің» капитаны Мортен Юльманның пенальтиін «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза қайтарды. Алматылық клубтың негізгі қақпашылары Александр Заруцкий де, Темірлан Анарбеков те жарақат алып, бұл ойынға қатысқан жоқ. Жалпы, алматылық клубтың қорғанысы алаң иелерінің қысымына 1-таймның 43-минутына дейін шыдас берді. Шерхан Қалмырза қақпаға тура бағытталған бірнеше жойқын соққыны тойтарды. Бірақ басымдықты уысынан шығармаған «Спортинг» ойыншылары 44-минутта есеп ашып, Франсишку Тринкан еншісіне гол жазды.
Екінші таймда біздің жігіттердің шалдығып қалғаны тіпті анық байқалды. Лиссабондық клубтың бас бапкері Руи Боргес 61-минутта үш бірдей ойыншысын алаңға шығарды. Осыдан кейін-ақ ойынның бағыты өзгеріп сала берді. Тринкан 64-минутта есепті еселеп, дубль жасаса, 66-минутта Алиссон Сантос, 68-минутта Жеовани Кенда гол соқты. «Қайрат» сапынан 86-минутта Эдмильсон Рикардиньо есеп айырмасын қысқартты.
«Жалпы кезеңдегі беташар матчтағы жеңіліс жанымызға батады. Қателікке жиі ұрындық, біздің жігіттерде де гол соғатын мүмкіндік болды. Ойыннан қорытынды шығарып, команданы күшейтуге тырысамыз», деді Р.Уразбахтин.
«Қайрат» футболшылары Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші матчын өз алаңында өткізеді. 30 қыркүйекте Алматының «Орталық стадионында» Испанияның атақты «Реал Мадрид» клубын қабылдайды.