
Мерейтой Бидайық ауылында, қайраткердің кесенесі маңында қайта жаңғыртылған Міржақып музей-үйінің салтанатты ашылу рәсімінен бастау алады. Одан әрі мерекелік бағдарлама Торғай өңірінде жалғасып, Қостанай қаласының орталығында Міржақып Дулатұлына арналған жаңа ескерткіш бой көтермек.
Торғайдың іргесінде 70-тен аса ақ шаңқан киіз үй тігілді. Арқалық қаласы 6, Қарабалық ауданы 4, Әулиекөл ауданы 5 киіз үй тігіп, тойға үлес қосты.
– Міржақып атамыздың тойына ел қатарлы үлес қосу – парызымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Торғай аймағын дамыту жөнінде келелі мәселелерді көтеріп келеді. Президент Жолдауында бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болатынын атап өтті. Біз тойға өз үлесімізді қосу үшін бес киіз үй тігіп қойдық. Жүзден аса қонақты қарсы алуға дайынбыз. Арнайы концерттік бағдарламамыз бен көрмемізді әкелдік, – деді Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Жұматай Кәкімжанов.
Мерекелік бағдарлама аясында Торғай төрінде «Міржақып Дулатұлы және ұлт руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Жиынға еліміздің белгілі ғалымдары қатыспақ.
Сонымен қатар жыршы-термешілердің республикалық байқауы, ақындар айтысы, көкпар, бәйге, қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстар ұйымдастырылады.
Әсіресе, мерекенің ең қызықты бөлігі ретінде «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді. Ұзындығы 500 шақырымдық дода Торғай мен Арқалық арасында ұйымдастырылып, оған Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан келген командалар қатысады.