Президент • Бүгін, 19:43

Мемлекет басшысы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директорымен кездесті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруноны қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz

Мемлекет басшысы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директорымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Cerberus Capital Management компаниясының инвестицияларды басқару саласындағы жаһандық көшбасшылығын жоғары бағалап, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ниетін құптады.

Президенттің айтуынша, компанияның стратегиясы Қазақстанның ұлттық экономиканы әртараптандыру жөніндегі басымдықтарына сай келеді. Еліміз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарта отырып, бағыттардың өткізу мүмкіндігін кеңейтуге қарқынды түрде кірісті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы тарихи келісімге қол қойылуы Орта дәліздің маңызды сауда жолдарының бірі ретіндегі маңызының арта түсуіне оң әсер ететінін атап өтті. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы тасымалданған жүк көлемі алты есе артты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы компанияның технологиялық платформа мен цифрлық экожүйені тарату саласындағы ауқымды тәжірибесін атап өтіп, Қазақстандағы цифрлық бастамаларға қатысуды ұсынды. 

Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруно Орта дәлізді дамыту әлеуетін жоғары бағалайтынын айтты.

 «Президент мырза, Сізге және осы жобаға атсалысқан баршаға алғыс айтамын. Командаңыздың кәсіби деңгейі жоғары. Сонымен қатар экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларыңызды ерекше атап өткім келеді. Қазақстанмен бірге Орта дәлізді дамыту әлеуетін, логистика және телекоммуникация салаларындағы мүмкіндіктерді жоғары бағалаймыз», деді ол.