
Екі күн қатарынан Арбат алаңында өткен айшықты жәрмеңкеге бас-аяғы қырық мыңнан астам адам жиналды. Бұл өз кезегінде кітаптың – тек білім құралы ғана емес, адамдарды жақындастыратын, ойды тереңдететін, мәдениетті өркендететін күш екенін тағы бір мәрте көрсетті. Шабыт пен шығармашылық салтанат құрған мерекеде қаламгерлер мен оқырмандар арасында жанды диалог орнады. Бигелді Ғабдуллин, Сәуле Досжан, Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан, Санжар Керімбай, Мақсат Мәлік, Ерлан Жүніс, Наталья Горячева, Людмила Лазарева, Василий Шупейкин сынды танымал авторлар оқырманмен кездесу өткізіп, шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.
Биылғы фестивальдың ауқымы кең. «Жанды кітапхана» жобасында Абайдан бастап Шекспирге дейінгі классиктер «тіріліп», актерлер бейнесінде көрерменмен сұхбат құрды. Кішкентай оқырмандар үшін қиял-ғажайып декорациялар мен әдеби квесттер ұйымдастырылған «Estelik zone» аймағы кітап мерекесінің маңызын арттырды.
Іс-шарада «Кітапашар» деп аталған ерекше айдар көпшілік көңілінен шықты. Мұнда букинистік дүкен оқырмандарға кітапты мұқабасы немесе аннотациясына қарап емес, өзге оқырмандардың әсерлері арқылы таңдауға мүмкіндік берді.
«Цифрлы ғасырда әлем ақпарат ағынына батып барады. Әлеуметтік желі, қысқа бейнероликтер мен үстірт контенттер адамның назары мен уақытын иемденіп алды. Зерттеулерге сүйенсек, кейінгі он жылда ұзақ мәтін оқуға деген шыдамдылық күрт төмендеген. Бірақ бұл кітаптың мәні жоғалды деген сөз емес. Керісінше, рухани аштық артқан сайын адам баласы қайтадан кітапқа бет бұрады. Кітап – адамды адастырмайтын шамшырақ. Оқыған адам – ойлы адам. Ал
ойлы қоғам – өркениетті қоғам. Сондықтан цифрлық дәуірде кітаптың қадірін арттыру – әрқайсымыздың борышымыз», дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Ерғанат Қуатбекұлы.
Кітап мерекесінде оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастыру, кітапты жаңа форматта насихаттау, кітапханаларды жаңғырту мәселесі де сараланды. Әсіресе «Кітапфест», «Оқы және бөліс», «Бір айда – бір кітап» секілді жобалар кітапты трендке айналдыра алатыны, Tik Tok, Instagram тәрізді танымал алаңдар арқылы мазмұнды шығармаларды насихаттау, белгілі тұлғалардың кітап туралы ой бөлісуі кітап оқу мәдениетін жандандыруға оңтайлы әсер ететіні айтылды.
АЛМАТЫ