
Сурет: selchanka.com
«Сондай-ақ электрсамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі – қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар» деген Жолдауда Мемлекет басшысы.
Әлбетте, бүгінгі ұрпақтың амандығы – ертеңгі елдің амандығы. Сондықтан ең әуелі баланың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Соның өзінде дүкендерде қаз-қатар тізіліп тұрған электрскутер саудасы қызып тұр. Жазға салым тіптен қызады. Бауыр еті баласын қуантқысы келген әке-шеше сатып алып береді де, соңынан сан соғып жатады. Жыл басынан бері елімізде самокат салдарынан болған жол-көлік оқиғасының саны 153-ке жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда, екі есе көп. Оның көбі Алматы мен Астана қалаларында тіркелген. Одан 173 адам жарақат алса, олардың тең жартысы – кәмелеттік жасқа толмағандар. Соңы қайғылы жағдайға ұласқан оқиға бар. Ал Шығыс Қазақстан облысында электрсамокат пайдаланушылардың қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Оның бесеуінде зардап шеккендер – самокат тізгіндегендердің өздері.
– Аталған көлік құралын қолдану кезінде жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Электрсамокат – ойыншық емес, толыққанды көлік құралы. Ол ерекше мұқияттылық пен тәртіпті талап етеді. Пайдаланушылар жол қозғалысы ережелерін сақтап, белгіленбеген жерден жолға шықпауға, қорғаныс құралдарын қолдануға, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелі мен қиылыстарға жақындағанда аса сақ болуға тиіс, – дейді ШҚО ПД АСБ бас маманы Айсұлу Мұхамедқалиева.
Жасөспірімдер ғана емес, курьерлер де қос дөңгелекті электрскутер тізгіндеген. Әрине, қаланың ұзын-сонар кептелісінде ыңғайлы. Бірақ қауіп өте жоғары. Жоғары жылдамдықпен соқтығысқан жағдайда адамның аман қалуы екіталай. Оның үстіне, кейбіреуі жаяу жүргіншілер жолағына шығып тағы қауіп төндіреді. Жалпы, олар үшін арнайы жол жасақталмайынша, қалаішілік қозғалыстарға қолайсыз. Оны жүргізушілер де айтады.
– Көлік тізгінінде жүргелі отыз жыл болды. Бұрын велосипедті қағып кетпейік, жаяу жүргіншіні жазатайым етіп алмайық деп жалтақтаушы едік. Қазір жан-жағыңнан зу-зу ете түсетін электрскутерлерден қорқамыз. Былтыр ағындатып келіп, көлікке соғылып, өзі омақаса құлап жатқан жағдайдың да куәсі болдық, – дейді кәсіби жүргізуші Қайрат Қамалиев.
Шығыс Қазақстан полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, электрсамокаттарды пайдалану кезіндегі құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Құқық қорғау қызметкерлері жасөспірімдермен де, ересек пайдаланушылармен де тұрақты түрде профилактикалық әңгімелер өткізіп, қауіпсіз қозғалыс ережелерін және оларды сақтамаған жағдайда туындайтын жауапкершілікті түсіндіріп жүр. Қазіргі уақытта әкімдік өкілдері мен «КикшерингKZ» компаниясымен бірлесіп, самокаттарды жалға беру қызметінің жұмысын реттеу және жол қозғалысы ережелерін сақтауға бақылауды қамтамасыз ету шаралары талқыланып жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 14 әкімшілік хаттама толтырылып, 54 самокат айыппұл тұрақтарына қойылған. Президент атап өткендей, бұл тұрғыда заң күшейсе, жүгенсіз жүрген жүргізушілер тыйылады. Сонда ғана самокат сан соқтырмайды. Оның бәрі – «мотақан» мінген ботақандардың ертеңі үшін атқарылып жатқан шаруа.
Шығыс Қазақстан облысы