
Еңбек адамы – отбасының шамшырағы, мемлекеттің қуат күші. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Адал азамат» ұғымын танытатын мұндай адамдарда еңбекқорлық, кәсіпкерлік пен жауапкершілік, сондай-ақ білім мен өзін-өзі дамытуға деген тұрақты ұмтылыс айқын көрінетінін атап өтті.
«Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз», деді Президент.
Адал азамат – адалдық пен әділдікті бірінші орынға қоя отырып, көп жұмыс істейтін, табысқа жететін жақсы қасиеттері бар адам. Адал еңбекпен келген жетістік «Еңбекпен келген табыс қана сіңімді» деген шынайы қанағат әкеледі.
Еңбек күні әлемнің 100-ден астам елінде атап өтіледі. Мереке күні аясында елімізде жыл сайын «Еңбек адамының» қоғамдық беделін көтеруге, жұмыс өнімділігін арттыруға, еңбекке құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, еңбек дәстүрлерін жалғастыруға бағытталған түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Жастарды тәрбиелеуге, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек әулеттерін құру идеясын қолдауға ерекше назар аударылады. Айталық, 2016 жылдан бері «Еңбек жолы» республикалық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Аталымдардың бірі «Жұмыс істеп жүрген жастардың үздік тәлімгері» деп аталады, мұнда жеңімпаз ретінде 20 жылдан астам тәжірибесі бар, жүздеген жас маманды тәрбиелеген мамандар танылады.
Тұрғындарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – қашаннан әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмысқа орналастыруды тапсырды. Бүгінде жоспар 75% орындалды. 2025 жылдың басынан 534 мыңға жуық адам жұмыс тапты, олардың 141 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Сапалы жұмыс орындарының саны 2,6 млн-ға жетті, 2029 жылға қарай олардың саны кемінде 3,8 млн болады.
Елімізде 266 991 теңге орташа жалақымен 119 мың мүгедектігі бар адам еңбек етеді. Жұмыспен қамту бағдарламаларына 320,5 мың жас тартылған, оның ішінде 100 мыңнан астамы тұрақты негізде 49 мың жұмыс тапты.
Өңірлерде ардагерлер мен өндіріс шеберлері, шаруашылық озаттары зор құрметке ие. Еңбеккердің қоғамдағы беделін арттыру, қоғамдағы «Еңбек адамы» құндылықтарын ілгерілету, өнімді еңбекті ынталандыру, жұмысшы мамандықтарды насихаттау, жастарды өндіріс саласына тарту, жұмысшы әулеттердің көпжылдық дәстүрін нығайту мақсатында бірқатар мемлекеттік награда, сый-сияпат тағайындалған. Олармен кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдардағы жемісті еңбегі, тиісті салалардағы жоғары көрсеткіштері үшін өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, басқа да салалардың қызметкерлері марапатталады.
Қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз жұмысы арқылы өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, білім, денсаулық сақтау салалары дамиды. Еңбекқор адам – тәртіп пен табандылықтың белгісі. Мұндай азаматтар жастарға үлгі, қоғамға сенім ұялатады. Қызметіне қарамай, кез келген адамның еңбегін бағалау – әділетті қоғамның басты көрсеткіші. Құрметке ие болған еңбеккер өз ісіне одан әрі ынталанып, кәсібилігін арттыруға тырысады.
Адамның жасампаз еңбекке адалдығы – оның отбасының мақтанышы, мәртебесі. Кез келген отбасының сенімді тірегі – өзінің еңбегімен, шеберлігімен байлықты қамтамасыз ете алатын, балаларға үлгі бола алатын, аға ұрпаққа қолдау көрсете алатын адам. Адал, еңбекқор адам лайықты мұра құрып қана қоймай, кәсібіне қарамастан кез келген еңбек құрметтелетін қоғамды нығайтады. Қарапайым жұмысшылардың арқасында өнеркәсіп пен өндіріс дамып, ел экономикасы күшейе түседі.
Еңбек – елдің ертеңі. Еңбек күнін атап өту – маңдай тердің қадірін тану, еңбектің қоғамдағы рөлін терең түсіну. Бұл – әр сала мамандарына алғыс білдіретін, жастарды адал қызметке ынталандыратын мерейлі мереке. Еңбек адамына құрмет көрсету – ел болашағына құрмет көрсету, қоғамның дамуына, елдің өркендеуіне тікелей үлес қосатын қарапайым жұмысшы, шаруа, құрылысшы, жүргізуші, малшы секілді мамандардың еңбегін бағалау, қадірлеу – адамгершілік пен өркениеттіліктің белгісі.