Білім • Бүгін, 10:30

Жаңа оқулықтарға сараптама жүргізіледі

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа мектеп оқулықтарын сараптауды Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады. Бүгін басталатын шара  34 пилоттық мектепте жүргізіліп,  2026–2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтарды қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа оқулықтарға сараптама жүргізіледі

Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, апробацияға тек педагогтер ғана емес, оқушылар да қатысады. Бұл оқулықтардың функционалдығы мен тиімділігі жан-жақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Апробациядан өтетін оқулықтар арасында  4-сыныпқа арналған – «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» және 7–10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», «Шетел тілдері» (ағылшын, неміс, француз тілдері) бар. 

«Апробация жаңа оқу бағдарламасы негізінде әзірленген жекелеген пәндер бойынша оқулықтардың күшті және әлсіз тұстарын айқындауға, сондай-ақ мектептер үшін оңтайлы оқу материалын іріктеуге бағытталған. Ол оқулықтарды кең көлемде енгізбей тұрып, оқушыларға арналған ең сапалы және тиімді оқулықтарды айқындауға мүмкіндік береді», деді Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Абдрахманова.

Орталық бес сатылы сараптама жүргізеді. Бұл шара ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысын қамтиды. 

Сондай-ақ сарапшы болуға өтінім бергісі келетін педагогтер bmso.kz ресми сайтында сауалнамадан өте алады.