
Сурет: olympic.kz
Іріктеу сайыстарын өте сенімді өткізген ол бірқатар аса ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, мальталық Әмірреза Аббасиді, әлем чемпионатының толық жүлде жиынтығының иегері, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы швециялық Маттиас Фалькті, әлем кубогінің қола жүлдегері англиялық Томас Джарвисонды жолынан ығыстырды.
1/32 финалда К.Герасименко Симон Гозимен кездесті. 30 жастағы Франция спортшысының Олимпия ойындарының қола, әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атағы бар. Одан бөлек, Еуропа ойындарында екі (1 күміс, 1 қола), құрлық біріншілігінде алты рет (1 күміс, 5 қола) жеңіс тұғырына көтерілген. Өкінішке қарай, азулы ойыншыға жерлесіміздің әлі жетпеді. Үш партиялық сайыс Гозидің пайдасына шешілді.
Бейжіңдегі бәсекеде әлемдік рейтингтің алдыңғы легінде тұрған Ван Чуцинь (Қытай, №1), Линь Шидун (Қытай, №2), Уго Кальдерано (Бразилия, №3), Томокази Харимото (Жапония, №4), Трулс Морегард (Швеция, №5), Лян Цзинкунь (Қытай, №6), Феликс Лебрун (Франция, №7), Бенедикт Дуда (Германия, №8), Сян Пэн (Қытай, №9), Дарко Йоргич (Словения, №10) сынды әйгілі үстел теннисшілері күш сынасып жатыр.