Мәселе • Бүгін, 09:05

Жолаушы мұңын кім тыңдайды?

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мына заманда Өскеменнен Алматыға дейін 27 сағат тар купеде солқ-солқ етіп жету оңай емес. Жаздың ыстығы, қыстың аязында тіптен маза кетеді. Алтай мен Алатаудың арасындағы шойын жол жолаушыларының осы проблемасын Президент Жолдауда дөп басып айтты.

Жолаушы мұңын кім тыңдайды?

«Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.

Иә, бұл өте өзекті мәселе. Өткенде жолаушылар Өскемен – Алматы арасындағы пойыз­дың түнгі сағат 12-дегі жүру уақыты қолайсыз деп мәселе көтерген. Олай дейтіні, түн ортасы қаланың бір басынан екінші басына жету қиын дескен. Оның үстіне, такси де сирек қатынайды. Өскеменнен шығу уақыты өзгергенімен, Алматы­ға түн ауа барады. Ол да ыңғай­сыз дейді жолаушылар. Жүру кестесінен бөлек, мың шақырымға тар купеде тәуліктен астам уақыт жоғалтады. Осы орайда жолаушылар вагондардың тозғанын да мәселе етіп қозғады.

«Осыдан үш-төрт жыл бұрын Алматыға жүрдек пойыз жүріп тұрды. Қандай ың­ғайлы еді. Кешкісін отырасың, таңертең Алматыдан түсіп жата­сың. Көз ілінгенше пойыздың интернетімен түрлі кино көріп мәз болатынбыз. Ол қуаныш ұзаққа созылмады. Бұрынғы ескі пойызбен қайта қатынайтын болдық. Өте ыңғайсыз. Жазда сүмек тер болсақ, қыста суық. Әжетханасын көрсе­ңіз, не суы ақпайды, не ішін тазаламайды. Плацкарт вагондарда тіптен мүмкіндік жоқ. Алматыға түнгі 12-де жеткен соң, туысыңның есігін қағудан да қысыласың. Такси бағасы удай», деп наразылығын білдірді Алматы мен Өскеменнің арасында жиі жүретін жолаушы Аяужан Өтеулинова.

Сонымен қатар Өскемен тұрғын­дары вокзалдағы қолайсыз жағдай­лардың барын да тілге тиек етті. Айту­­ларына қарасақ, плацкарт вагон­дардың тоқтайтын жерінде не перрон, не баспалдақ жоқ. Артынып-тартынып жеткен жолаушылардың түсуі мұң. Міне, осы проблемалардың барлығы Президент Жолдауынан кейін шешілуге тиіс. Бұл проблемалар жөнінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ маман­дары не дейді? Бірқатар сауал жолдап, тұрғындарды толған­дырған проблемаларға жауап алғандай болдық.

«Жолаушылар пойыздары­ның қатынауын ұйымдастыру Көлік министрлігі мен жергілік­ті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау жөніндегі ұзақмерзімді келісімшарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Компания, ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар ба­ғыт­тардағы тасымалдау жөнін­дегі міндеттемелерін орындайды. Жолау­шылар ағыны артқан жағдайда, соның ішінде №351/352 «Алматы – Өскемен» пойызына техникалық мүмкіндік шегінде қосымша вагондар тіркеледі. Вагон паркін жаңарту мәселесі кезең-кезеңімен, кешенді бағдарламалар аясында жүргізіледі. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолаушылар тасымалы сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары­на сәйкес жүзеге асырылып жатыр», деді «Жолаушылар тасыма­лы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев.

Ал «Тальго» вагондарынан жасақ­талған коммерциялық по­йыздар, оның ішінде №69/70 «Алматы – Өскемен» бағыты, әлеуметтік маңызы бар №351/352 «Алматы – Өскемен» пойызына балама ретінде экспресс бағытпен ұйымдастырылған екен. Алайда 2021–2022 жылдары бұл пойыз компанияға айтарлықтай шығын әкелгенін айтады. Соған байланыс­ты оның қозғалысы 2022 жылғы қыркүйектен бастап тоқтатылыпты.

«Қазір «Алматы – Өскемен» бағы­­тында стандартты вагондардан құралған әлеуметтік маңызы бар №351/352 пойызы қатынайды. Ал «Тальго» вагондары бар құрамдар басқа бағыттарда қолданылып жатқандықтан, №69/70 пойызын қайта іске қосу әзірге мүмкін емес», дейді Нариман Дүйсекеев.

Президент Жолдауда вагондарды жа­ңартып, тасымал сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның вагон паркі қазір 2 188 вагоннан тұрады. Кейінгі 10 жылда ұлттық тасымалдаушы паркін жаңарту деңгейі 50%-ға жеткен. Қоз­ғалыс құрамын одан әрі жаңғырту мақсатында «Stadler» компаниясымен 2030 жылға дейін 557 жаңа вагон шығару жөнінде келісімшарт жасалды. Оның ішінде купелік, плацкарттық, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған және генераторлық вагондар қарастырылған. Айта кетерлігі, жаңа вагондар ел жағдайына бейімделіп жасалады. Яғни климат ерекшеліктері мен қалааралық қашықтық ескеріледі. Олар кондиционер, бейнебақылау жүйесі, электрлік жылыту жүйесі және автоматты өрт сөндіру қондырғысымен жабдықталады. Әр купеде электр розеткалары мен мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB ұяшықтары орнатылады. Алғашқы партиясы 2025 жылдың соңына дейін жеткізіліп, зауыт оларға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсетеді.

Ресми ақпаратқа көз салсақ, 2026 жылдан бастап «Stadler» вагондары №3/4 «Астана – Алматы», №353/354 «Астана – Семей», №85/86 «Астана – Шымкент», №47/48 «Астана – Атырау» бағыттарында жүреді. Сонымен қатар «ЗИКСТО» АҚ-мен ынтымақтастық жалғасып жатыр. Бұл зауыт Тверь вагон жасау зауытының технологиясы негізінде вагондар шығарады. 2022–2025 жылдары ұлттық тасымалдаушы 255 вагон мен 18 электр пойыз вагонын (МВПС) қабыл­дады. Жыл соңына дейін тағы 63 вагон жеткізіледі. «ЗИКСТО» вагондары кондиционер, ауа сүзгісі, түтін датчиктері, биотуа­лет, бейнебақылау және USB ұяшықтары бар розеткалармен жабдықталған. 2030 жылға қарай «Жолаушылар тасы­малы» АҚ вагон паркі барлық құрам­ды кондиционермен толық жарақ­тандыруды жоспарлап отыр. Келесі жылы жаңа №119/120 «Алматы – Қостанай» пойызы («Тальго» вагондарынан жасақталған) іске қосылады. Сондай-ақ №105/106 «Алматы – Петро­павл» пойызының қозғалыс жиілігі күнара, ал №1/2 «Алматы – Ташкент» пойызының қозғалысы күн сайын ұйымдастырылады.

Демек Өскемен мен Алматы арасындағы пойыздың жүру кестесі мен вагондардың жаңартылуы жуық арада шешіле қоймайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар