Спорт • Бүгін, 14:15

Елордада ерекше балалар сайысты

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада онкологиялық ауруларды, сүйек кемігі кеселін  жеңген, ағза трансплантациясы жасалған, ерекше балалардың спорттық Qaisar Games 2025 ойындары өтті, деп жазады Egemen.kz

Елордада ерекше балалар сайысты

Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған сайыс үш күнге ұласып, 10 спорт түрінен 167 бала қатысты. Әр аймақтан келген балалар асық ату, тоғызқұмалақ, бестемше сияқты ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті.  Жүзу,  шағын футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, боулинг және нысана көздеуден де шеберліктерін көрсетті.

Іс-шараны   «Феникс» қоғамдық қоры мен UMC Корпоративтік қоры тізе қосып ұйымдастырды. Оқу-ағарту министрлігі мен KAZ Minerals Management компаниясы бас серіктес болған қайсар балалардың ойындарына Денсаулық сақтау министрлігі, Турзим және спорт министрлігі, Астана қаласының денешынықтыру және спорт басқармасы, ҚР Ұлттық ұланның басшылары да қолдау көрсетті.  Спорттық сайыстар Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында, «Алау» мұз айдынында және «Pingwin» боулинг орталығында өтті. Жүлдегер атанған қатысушыларға Qaisar Games медальдары мен грамоталары табысталды. Спорттық жарыстардан сырт балақайлар  Ailand отбасылық демалыс орталығында шеберлік сағаттарына қатысты. Сайыс барысында ерекше балалардың ата-аналары да уақытын тиімді өткізді. Актерлік шеберлік, би өнері мамандарының шеберлік сабағына қатысып, психологиялық дәрістерді тыңдады. Игі шараның салтанатты жабылу рәсімінде сөз алған дәрігерлер қатерлі ауруларды жеңген балалардың қайсарлығын әрдайым үлгі тұту маңызды екенін атап өтті.

Qaisar Games спорттық ойындарының басты мақсаты – онкологиялық ауруларды, сүйек кемігі сынды күрделі  сырқатты жеңген,  ағза трансплантациясы жасалған жеткіншектерді  оңалту мәселесіне қоғам назарын аудару. Балақайлардың да қатарынан қалмай  белсенді өмірге бейімделуіне қолдау көрсету.

Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын 600–640 баладан онкологиялық аурудың белгілері анықталады. Қазіргі таңда 5 000-нан астам бала тұрақты бақылауда тұр. Медицина ғылымының жетістіктері мен отандық дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің нәтижесінде  онкологиялық ауруға тап болған балалардың денсаулығы да жақсарып. Десе де дәрігерлер медицина саласының жетістігінен кейін сырқатынан айыққаннан кейін  балалар қоғамда оқшауланып қалатынын алға тартады. Емделуден кейін  балалар мен олардың ата-аналарына жүйелі қолдау көрсету маңызды. Әлеуметтен оқшауланып, психологиялық күйзеліске ұшыраған жандар әрдайым демеуге зәру.  QAISAR GAMES – бұл жай ғана медаль үшін жарыс емес. Шараның басты миссиясы – емдеуден кейінгі оңалту шараларын күшейту дейді ұйымдастырушылар. Сайысқа қатысқан балалар психологиялық, физикалық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көріп, шаттыққа кенелді.  Игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.  

 

Соңғы жаңалықтар