Шаруашылық • Бүгін, 16:30

Жетісуда күріш алқабына орақ түсті

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысының Қаратал ауданында биылғы күріш жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Бұл өңір – облыстағы күріш өсіретін жалғыз аймақ. Жалпы 951 гектар алқапқа егілген дақылдан 3 мың тоннадан астам өнім алу жоспарланып отыр. Орташа түсім – гектарына 32,9 центнер, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісуда күріш алқабына орақ түсті

Күріш өсірумен ауданда бес шаруашылық айналысады. Соның ішінде «Опытное» өндірістік кооперативі негізгі өнім берушілердің бірі саналады. Кооператив төрағасы Ержан Қайсановтың айтуынша, биыл 350 гектарға «Янтарь» сұрпы егілген. Бұл тұқым жергілікті табиғатқа бейімділігімен әрі төзімділігімен ерекшеленеді. Қазірдің өзінде 70 гектардан өнім жиналып, науқан ойдағыдай жүріп жатыр.

Жұмысқа 20 адам мен 15 техника тартылған. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай, тұқым мен тыңайтқышқа субсидия берілсе, техника лизинг арқылы алынған. Бұған қоса, ауданда арнайы сервистік-дайындау орталығы құрылып, онда 10-нан астам ауыл шаруашылығы техникасы шаруалардың игілігіне берілген.

Күріш жинаудың ерекшелігі жөнінде механизаторлар да өз ойымен бөлісті. Олардың айтуынша, бастысы – уақытты дөп басу: дән толық піскен, бірақ қурап қалмаған кезін аңдау. Ол үшін алқап алдын ала құрғатылып, суы тартылып алынады.

Айта кетейік, биыл Жетісу облысында жалпы егіс көлемі 510,7 мың гектарға жетіп, ауыл шаруашылығын қолдауға 41,7 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 24,1 млрд теңгесі субсидия түрінде бөлінген.

Соңғы жаңалықтар