Президент • Бүгін, 15:38

Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс - Тоқаев

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы бір топ ұстазды Ақордада қабылдап, еліміздегі педагогтерді алдағы кәсіби мерекемен құттықтады, деп жазады Egemen.kz.

Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс - Тоқаев

Фото: Ақорда

Президент салтанатты жиында заман талабына сай дамыған, озық ел болуға үндеп, білім беру ісіндегі цифрландыру мәселесіне назар аударды.

«Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясы – қазіргі заманның ақиқаты. Сол себепті мен биылғы халыққа Жолдауымды осы өзекті мәселеге арнадым. Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс. Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруасы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеу деген сөз. Сіздер, құрметті ұстаздар, осы маңызды миссияны жүзеге асыруға атсалысып, белсене жұмыс істейсіздер деп сенемін»,  деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік саясатында «Заң және тәртіп» қағидасы үстемдік құратынын жеткізіп, оны жүйелі жүзеге асыру нәтиже бере бастағанына тоқталды.

 «2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылықтың саны екі есе қысқарды. Уәкілетті органдар бұл бағыттағы кешенді жұмысты жалғастыруы керек. Қоғамда жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыруда Оқу-ағарту министрлігі мен педагогтер айрықша рөл атқарады. Себебі әділдік, заң және тәртіп қағидаттары мектеп партасынан бастап орнығуы қажет. Осылай ғана біз өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп, шын мәнінде Қауіпсіз, Қуатты және Әділетті Қазақстанды құра аламыз», деді Президент.