Өнер • Бүгін, 08:27

Кітап ұстаған қыз

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында халық суретшісі Молдахмет Кенбаевтың бірнеше туындысы сақтаулы тұр.

Кітап ұстаған қыз

Мәселен, қылқалам шеберінің 1949 жылы республикалық сурет көрмесіне қойылған «Көктемгі егістік»  туындысында Алатау баурайына қонған ауыл маңындағы алқапта қайнап жатқан еңбек майданы бейнеленген. Аспанмен таласқан мұз шыңдар, алқап басына тігілген киіз үй, түтіні бұрқыраған қазан-ошақ, артына ағаш доңғалақты дәнсепкіш тіркеген көне трактор, оған мінгескен шаруақор жұрт – осының бәрі сол дәуірдегі тіршілік тынысын дөп басып көрсетіп тұрғандай.

Суретші шығармашылығының өзегі – паң даланың керім табиғаты, қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі, қарапайым еңбек адамдары. Халық суретшісінің «Кітап ұстаған қыз», «Қарияның портреті», «Құрманғазы» туындылары да музейдің алтын қорындағы құнды жәдігерлер қатарынан орын алған.

«Ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, шебер кескіндемеші  Молдахмет Кенбаевтың бір ғана «Кітап ұстаған қыз» туындысының өзінен сан алуан бояудың нәзік үйлесімін көреміз. Қылқалам шебері ақ түстің өзіне басқа бояуларды үстей отырып, жанды бейнелей білген. Мысалы, «Кітап ұстаған қыз» атты көркем суретте бейнеленген қазақ қызының ақ көйлегіне зер салып қарасақ, мұндағы сарғыш, көгілдір бояулармен астасып жатқан ақ түс суретшінің қайталанбас қолтаңбасын айқындап тұр. Жас бойжеткеннің үстіндегі көк қамзолының өзінен қызғылт, көк, жасыл бояулардың құйыла үйлесіп кеткенін аңғаруға болады. Үстелде кітап оқып отырған жас арудың тіп-тік бойы, ойлы жүзі, қалың қара шашы, тоқпақтай ұзын бұрымы, ұзын кірпіктері, үстіндегі ұлттық киімі – бәрі-бәрі бір-бірімен жарасымды үйлесіп, барша қазақ қыздарына ортақ көркем бейнені беріп  тұр», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Нәзима Оташева.

 

Қостанай облысы