
Демек кез келген кредитор, мейлі ол банк болсын, серіктестік не қарызды сатып алған ұйым болсын, берешекті өндіріп ала алмайды.
Алайда мұндай мүмкіндікке ие болу үшін бірнеше талап сақталуы қажет. Ең бастысы – борыш көлемі 6 миллион 300 мың теңгеден асуы тиіс, сондай-ақ борышкердің төлем қабілетін дәлелдейтін табысы мен мүлкі болмауы керек.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысатын кредиторлар тізімі кеңейтілгенін атап өтті.
«Біз бұл тізімге тек қаржы ұйымдарын ғана емес, сонымен қатар адамның алдынан микроқаржылық қарызды сатып алған немесе бұрын қаржы ұйымы болып, бүгінде жай ғана ЖШС ретінде жұмыс істейтін компанияларды да қостық», – деді ол.
Сонымен қатар, банкроттық рәсімі жеңілдетілді. Бұдан былай борышкер 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін алған несиелерін қаржы ұйымдарымен реттеуге міндетті емес.
Тағы бір маңызды өзгеріс – соттан тыс банкроттықты тоқтатуға қатысты. Енді борышкер өз қалауымен, ешқандай себеп түсіндірместен, процесті тоқтата алады. Бұл шара өтініш беріп, кейін ойынан айнып немесе жалған ақпарат ұсынатын азаматтардың санын азайтуға бағытталған.
Кейбір тұрғындар бұл өзгерісті қолдап отыр.
«Адам несие алады, бірақ түрлі себеппен төлей алмай қалуы мүмкін. Егер жағдайы шынымен қиын болса, мемлекет тарапынан көмек алу орынды. Бірақ өтірік ақпарат беруге болмайды», – дейді Шымкент тұрғыны.
Ал басқа азаматтар банкрот деп танылғаннан кейін қайта несие алу мүмкіндігі болмауы тиіс деп есептейді.
«Егер адамда көлік не табыс көзі бар болса, бірақ қарызын төлеуден жалтарса – бұл алаяқтыққа жатады. Ал шынымен жағдайы ауыр адамдарға жеңілдік керек», – дейді тағы бір тұрғын.
Қаржы министрлігі банкроттық рәсімін барынша ашық әрі әділ ету үшін қосымша бақылау тетіктерін енгізуді жоспарлап отыр.