Мәдениет • Бүгін, 20:40

Аида Балаева: Ескерткіш орнату, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аса көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері — Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаға арналған ескерткіштің және жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылуына қатысты пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Аида Балаева: Ескерткіш орнату, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек

Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы өз құттықтау сөзінде Нұрғиса Тілендиевтің тұғырлы ескерткіші халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласының белгісі екенін атап өтті.

Министрдің айтуынша, ескерткіш жоғары көркемдік талғаммен жасалып, ерекше үйлесім тапқан.

Осыған орай, Аида Балаева еліміздегі ескерткіш орнату мәселесіне арнайы тоқталды.

- Әрине, тарихта есімі қалған тұлғаларды ұлықтау өте маңызды. Алайда ескерткіш орнату үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке қарай, елімізде ескерткіштерді заңсыз орнату фактілері жиі кездесіп отыр, – деді министр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің талдауына сәйкес, соңғы бес жылда еліміздің он өңірінде 49 ескерткіш заң талаптарын сақтамай орнатылған.

Ең көп заңсыз орнатылған ескерткіштер:

  • Түркістан облысы — 17;
  • Қостанай облысы — 15.

Кейбір жағдайларда республикалық комиссия қолдамаған жобалар да өз бетімен орнатылып кеткен. Сонымен қатар, ескерткіштер кейде жеке меншік аумақтарға қойылып, ескерткіш пен шағын архитектуралық нысанның айырмасы ескерілмей жатады.

- Сондықтан ескерткіш орнату — тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек. Әсіресе, игі ниетпен қолдау білдіріп жүрген демеушілер, меценаттар бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса дейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар заңсыздыққа жол бермей, қатаң бақылауға алуы керек, – деді Аида Балаева.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес, әрбір жаңа ескерткішті орнату жұмыстарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

Монументалды өнер құрылыстарын орнату тәртібі министрлік қағидаларымен реттелген.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, монументалды өнер нысандарын орнату ережесін бұзғандарға айыппұл қарастырылған:

  • жеке тұлғаларға — 10 АЕК;
  • лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 50 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 250 АЕК көлемінде.

Бұдан бөлек, жүргізіліп жатқан жұмыстарды уақытша тоқтату шарасы да қарастырылған.

Кей жағдайларда ескерткіштер жеке аумақтарға қойылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады, бұл тарихи тұлғаларға деген құрметтің лайықты деңгейде көрініс табуына кері әсер етеді.

- Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Өйткені, ескерткіш — бұл тек өткенге құрмет белгісі ғана емес, сонымен бірге келер ұрпаққа деген ортақ аманатымыз, – деп атап өтті министр Аида Балаева.