Елорда • Бүгін, 14:25

2028 жылы Астанада ең үлкен сауда орталығы ашылады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада салынып жатқан көпфункционалды Ellington туристік ауданының құрылысы 2028 жылға қарай аяқталуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімдігінің инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

2028 жылы Астанада ең үлкен сауда орталығы ашылады

Фото: Ellington туристік ауданы макеті/ Үкіметтің баспасөз қызметі

«Қалада ең үлкен сауда ойын-сауық орталығы салынып жатыр. Ол жерде аквапарк болады. Құрылысы 2-3 жылда аяқталады деп жоспарланған. Шетелдік компания өз қаражатына салып жатыр, бюджеттен ақша бөлінбеген. Әкімдік тарапынан су және кәріз инфрақұрылымын тарту бойынша көмек көрсетіледі», деді ол.

Бұған дейін Астана әкімдігі мен «Ellington Group KAZ» Ltd компаниясы арасында көпфункционалды туристік аудан құру туралы инвестициялық жобаға байланысты меморандумға қол қойылған. Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд долларды құрайды.

Үкіметтің мәліметінше, кешеннің жалпы аумағы 2,6 млн шаршы метр, ал қосымша құрылыс аймағы 333 гектарды қамтиды. Мұнда аумағы 15 мың шаршы метр болатын аквапарк, ойын, демалыс аймақтары, саябақтар, террасалар, кеңсе және коммерциялық нысандар, қонақүйлер, әлеуметтік және тұрғын үйлер салу көзделген.