
Фото: pinterest.com
1 мың адамға 97 POS-терминал
Биыл елде 910 мыңнан астам кәсіпкерге тиесілі 1,146 млн сауда орнында 1,357 млн POS-терминал жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға көп. Қазір 1 мың адамға 97 терминалдан келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 84 болған. Ең көп терминал Алматыда, Астанада және Қарағанды облысында орналасқан. Үш өңір елдегі барлық терминалдың 40%-ын қамтиды.
Әр отандасымыздың төрт банк картасы бар
Онлайн-банкинг қолданушылар саны 12%-ға өсіп, 27,1 млн адамға жетті. Елде барлығы 81,7 млн төлем картасы бар. Соның 41,3 миллионы – белсенді, яғни айына кем дегенде бір рет пайдаланылады. Демек әрбір отандасымыздың орта есеппен төрт картасы бар, оның екеуі үнемі қолданыста.
Қолма-қол ақша шешу азайып жатыр
2025 жылдың бірінші жарты жылдығында халық 6,8 млрд төлем мен аударым жасады. Барлығының сомасы – 100,7 трлн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда саны бойынша 12%, ал көлемі бойынша 19%-ға көп. Барлық операцияның 98%-ы қолма-қол емес. Ал ақша шешу саны 4%-ға азайған, бірақ көлемі 9%-ға артқан. Орташа чек 112 мың теңге болған (былтыр 98 мың теңге еді).
Халықаралық ақша аударымдары азайды
2025 жылдың алғашқы жартысында халықаралық жүйелер арқылы 854,8 мың ақша аударымы жасалды. Барлығының сомасы – 337,8 млрд теңге. Бұл былтырғыдан 14,5%-ға аз. Шетелге кеткен ақша көлемі 321,2 млрд теңге болды, яғни 16%-ға төмендеді.
Аударымдардың 80%-ы «Золотая Корона» мен «Western Union» арқылы жүргізілді. Ал шетелден келген қаражаттың 99,9%-ы тегін (қайтарымсыз) аударымдар болған.
Азаматтарымыз ақшаны көбіне қай елдерге жібереді
Елімізден ең көп ақша Ресейге (31,7%), Өзбекстанға (29,7%), Түркияға (18,2%), Грузияға (6%) және Қырғызстанға (3,3%) аударылады. Бір шетелдік аударымның орташа сомасы – 398,9 мың теңге.
Қазақстанға келген ақша көлемі 12,5%-ға азайған. Елге 304,9 мың аударым жасалып, жалпы сомасы 105,4 млрд теңге болған. Ақша ең көп Ресейден (24%), АҚШ-тан (14,9%), Өзбекстаннан (10,3%), Түркиядан (9,5%) және Германиядан (7,7%) келген. Бір аударымның орташа сомасы – 345,6 мың теңге.