Қаржы • 09 Тамыз, 2025

Күмәнді ақша аударымдары қалай анықталады

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде ақшаны заңсыз айналымнан шығару мен терроризмді қаржыландырудың алдын алу бағытында жаңа тәсіл енгізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Женіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күмәнді ақша аударымдары қалай анықталады

Оның айтуынша, енді банктер жеке аударымдарға емес, операциялардың жалпы байланысына қарап шешім қабылдайды.

«Бір ғана ақша аударымы күдік тудырмауы мүмкін. Бірақ осындай бірнеше өзара байланысы бар операциялар мен қатысы бар тұлғалар тізбегі күмәнді болуы ықтимал. Мұндай жағдайда банктер мен қаржы ұйымдары бұл ақпаратты агенттікке хабарлауға міндетті», деді Елемесов.

Мақсат – әрбір азаматтың жеке қаржысына араласу емес, жүйелі заңсыз схемаларды дер кезінде анықтау.

«Біз әр тиынды санамаймыз. Маңыздысы, белгілі бір мақсатта жиі қайталанып, өзара байланысып тұратын күмәнді әрекеттерді көру. Кейде мұндай схемалар сырттай қарағанда заңды болып көрінеді, бірақ ішкі логикасы күдік туғызады», деп түсіндірді ол.

Қазір агенттік күмәнді операцияларды анықтайтын нақты критерийлер әзірлеп жатыр. Бұл талаптар жақын арада Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының бұйрығымен бекітіледі.

«Онда қандай операциялар күдік туғызатыны нақты көрсетіледі. Мысалы, бір шоттан әртүрлі адамдарға жиі ірі сома аудару немесе керісінше, бірнеше адамнан бір шотқа қысқа уақытта ақша түсуі сияқты жағдайлар автоматты түрде тексеріледі», деді Елемесов.

Сондай-ақ ол банктерге азаматтардың жеке деректер базасына кірудің қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Банк өз клиенттерінің арасындағы операцияларды ғана талдайды. Сол арқылы заңда көрсетілген өлшемдерге сай, күмәнді ме, жоқ па – соны анықтайды. Бізге ең бастысы, ашық есеп пен заңды түсініктеме. Ақшаның қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын анық көру маңызды», деді ведомство өкілі.