Тұлға • 10 Қазан, 2025

Астана сәулетінде қолтаңбасы қалды...

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы архитектура мен құрылыс саласының дамуына зор үлес қосқан белгілі сәулетші, дарынды басшы, кең жүректі абзал азамат, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баир Фарденұлы Досмағамбетов 71-ден асқан шағында дүниеден озды. Бұл – марқұмның отбасы-әулеті, Астана жұртшылығы, әкімдігі мен мәслихаты үшін ауыр қайғы.

Астана сәулетінде қолтаңбасы қалды...

Баир Фарденұлы 1954 жылы Алматы қаласында өмірге келіп, қазіргі Абай облысындағы Бақты ауылында шекарашы офицер ­отбасында өсті. Ол барлық саналы өмірін отандық сәулет саласына арнады. Мәскеудегі сәулет институтын тәмамдағаннан ке­йін «Қазгорқұрылысжоба» жо­ба­лау институтында қара­па­йым сәулетшіден бастап, ше­берха­на басшысына дейінгі жол­дан өтті. Бұдан соң Қазақ КСР Құрылыс істері жөніндегі мем­лекеттік комитетінің Сәулет және қала құрылысы жөнін­дегі бас басқармасының басшысы болды. Еліміз тәуелсіздік ал­ған­нан кейін Сәулет және құры­лыс жөніндегі мемлекеттік коми­тет төрағасының бірінші орын­басары, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарды дамыту ми­нистрінің бірінші орынбасары және Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарды.

Баир Фарденұлы ел астана­сын Алматыдан Арқа төріне көшіруге айрықша үлес қосты. 1995 жылы ол жоғары және орталық мемлекеттік органдарын Ақмола қаласына көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссия төрағасының орынбасары, кейін бірінші орынбасары – Комиссия аппаратының басшысы лауазымына тағайындалып, осы жауап­ты қызметті 1998 жылға дейін атқарды. Ал 1998–2000 жылдары – Астананың бас сәулетшісі, елордалық сәулет және қала құ­рылысы департаментінің ди­рек­торы болды. Оның басшы­лы­ғымен жас астана бас жоспа­рының үздік идеясына арналған халықаралық сәулет конкурсы ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ оның ұсынысымен «Астана­ген­план» жобалау инс­титутын құру туралы шешім қа­былдады. Баир Фарденұлы бұл институтты 2000 жылдан бастап, 2015 жылға дейін басқарды. Ол кез келген жұмысты шығарма­шы­лық көзқараспен атқарып үлкен беделге ие болды. Білікті сәулетшінің тікелей қатысуымен Астана­ның бас жоспары мен түзетуі, елорданы және оның агломера­ция аймағын дамытуға арналған қала құрылысы құжаттамасы әзірленді. Елорданың келбетін айшықтайтын, көрікті ны­сан­дарға айналған бірнеше сәулет байқауы өткізілді. Мемлекет тарапынан еңбегі де жоғары бағаланды. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін алды. 2008 жылы «Дөңгелек алаң» сәулеттік кешені үшін Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты атанды.

Шын мәнінде, Баир Фарденұлының есімі еліміздегі сәулет өнері мен жас елорданың қалыптасу тарихына алтын әріп­пен жазылды. Айтулы азамат отбасында сүйікті жары мен балаларына қамқор отағасы бол­ды. Оның ізгі ниетті, зия­лы, адамгершілігі мол қасие­тін­ ұмытпаймыз. Баир Фарден­ұлының маңдай тері, сәулет саласындағы кәсіби бастамалары елорда ғимараттары мен даңғылдарында сәулетшінің өзіне орнатылған ескерткіштей асқақтайтыны шүбәсіз.

 

Табиғат ЗЕЙНҰЛҚАБДЕН,

Астана қаласы мәслихатының төрағасы