57 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Дина бастапқы бәсекелерде Эльвида Гурьева (Ресей) мен Каролина Синницкаяға (Польша) сан соқтырса, одан кейін Асуко Уено (Жапония) мен Джованна Андрадені (Бразилия) ойсырата ұтты. Финалда жерлесіміздің жолы тағы бір Жапонияның жас жұлдызымен қиысты. Бұл бәсекеде Мио Шираканенің асығы алшысынан түсіп, алтыннан алқа тақса, Д.Әбдірова күміс медальды місе тұтты.
Өзге балуандарымыз табысты өнер көрсете алмады. Аса жеңіл салмақта күресіп жүрген Талғат Орынбасар осыған дейін жасөспірімдердің әлемдік сайысында, 2023, 2024 жылдары жастардың жарысында қола медаль иеленген. Бұл жолы да жанкүйерлер Талғат жүлдегер болады деп сенген еді. Өкінішке қарай, қандасымыз алғашқы айналымда өзбекстандық Әнуаржан Ибрагимовтан ұтылып қалды. Сол секілді басқа да татами шеберлері елге құралақан қайтты. 100 кг салмақта күрескен Асқар Біржанов жеңіс тұғырына бір табан жақын болды. Бірақ қола медаль жолындағы бәсекеде өзбек Мұхамедәлі Зоировтан айласын асыра алмады.
Әлем чемпионы атанған дзюдошылар:
Ұлдар: 60 кг – Ретцу Матсунага (Жапония), 66 кг – Торнике Гигаури (Грузия), 73 кг – Мұхиддин Асадуллоев (Тәжікстан), 81 кг – Хару Акито (Жапония), 90 кг – Джесси Барбоза (Бразилия), 100 кг – Милан Булая (Сербия), +100 кг – Бислан Катамардов (Ресей).
Қыздар: 48 кг – Сошио Яшино (Жапония), 52 кг – Николе Маркуес (Бразилия), 57 кг – Мио Ширакане (Жапония), 63 кг – Со Моришика (Жапония), 70 кг – Лин Эйприл Фохоуо (Швейцария), 78 кг – Мария Ханстеде (Нидерланд), +78 кг – Селия Канкан (Франция).