Шаруашылық • Бүгін, 08:48

Салаға салғырт қарамасақ игі

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде тұтас бір сала – ара шаруашылығына қауіп төніп тұр. Қолданыстағы заң бұл саланы ауыл шаруашылығының дербес бағыты ретінде мойындағанмен, Шығыс Қазақстан облысындағы омарташылар жер телімінен айырылып қалуы мүмкін.

Салаға салғырт қарамасақ игі

Әдетте омарталар егін ал­қаптары немесе жайылымдар өлшемі бойынша бағаланады. Ара шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жер жыртпа­ғаны немесе мал жаймағаны үшін олардың жерлері «пайдаланылмай отыр» деп танылады екен. Ұлттық палата өкілдері тү­сіндіргендей, заң бойынша ауыл шаруашылығына арналған жер үш мақсаттың біреуіне қатысты берілуі мүмкін: ауылшаруашылық өндірісі, шаруа немесе фермерлік қожалық жүргізу.

«Ара шаруашылығы туралы» заңға сәйкес, бұл сала – ауыл шаруашы­лығының дербес түрі, оның негізгі мақсаты – ара өнімдерін өндіру. Сондықтан омарташылар жерді «ауылшаруашылық өндірісі үшін» деген мақсат­пен алып, оны тікелей мақ­сатта – бал өндіру үшін пай­­даланып келеді. Алай­да Шығыс Қазақстан облы­сы­ның Жер ресурстарын бас­қару департаменті мұны­мен келіспейді. Олар Жер ко­дексінің 92-бабына сүйене отырып, омарташыларды жерді пайдаланбады деп айып­тайды. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі де жергілікті органның ұс­та­нымын қол­дап отыр. Олар­­дың пайымынша, ара шаруа­шылығы тек ауыл ша­руа­шылығы өндірісінің қосалқы қызметі ретінде ғана есептеледі. Осыған байланысты, омарта орнатылған жердің мақсатқа сай пайдаланылуы үшін белгілі бір талаптар орындалуға тиіс деп санайды.

«Мен бал өндіріп, алқап­тарды то­заң­­дан­дырамын, осылайша ара шаруа­шы­лығын дамытып жатырмын. Бірақ Жер ресурстарын басқару депар­та­ментінің пікірінше, мен – жалқау­мын. Омарта­шыларды жер жыртып, мал бағуға мәжбүрлеу – наубай­шыға би­дай өсі­ріп, сиыр сауу керек деумен бір­дей. Мұ­­ның қандай қисыны бар?», деп ашына­ды шығысқазақстандық омарташылар.

Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, заңды осылайша бюрократиялық тұрғыда талдау ондаған жыл бойы бал өндіріп, ауыл шаруашылығы дақыл­дарын тозаңдандыратын әрі экологиялық тепе-тең­дікті сақтауға үлес қосып отырған шаруашылықтардың күйреуіне алып келуі мүмкін.

«Ара шаруашылығы – қосалқы қыз­мет емес, бұл эко­логия мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ете­тін маңызды сала. Уәкілетті органның нысандарды мемлекет меншігіне қайтару сылтауы­мен жасалып отырған бұл әрекеті жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жоюы мүм­кін», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төр­аға­сының орынбасары Назира Үсенова.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйек­тегі Жолдауында егер жер пайдаланушы адал еңбек етіп, іске инвес­тиция салған болса, оның жұмыс істеп тұрған өндірісін тоқтатуға болмайтынын атап өткен еді. Бұл жағдайда уәкілетті органның әрекеті Президент саясатына тікелей қайшы келіп отыр деп мәлімдейді «Атамекен» палатасы. Бұл ретте олар «жерді «ара шаруашылығын жүргізу үшін» деп бөлу керек немесе омарталар ор­на­ласқан жерлерді пайдалану критерийлерін нақтылап жазу қажет» деген талап қояды.