
Фото: Ақорда
«Тәжікстанның табысты төрағалығы Ұйымның әлеуетін нығайтуға, көпжоспарлы ынтымақтастығымызды тереңдетуге үлкен үлес қосты. Бұл саммит Қазақстанда халықаралық беделді ұйым саналатын ТМД жұмысына үлкен серпін береді», деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтіп жатқанын еске салды.
«Барлық мемлекеттің дамуына жол ашатын жалпыадамзаттық құндылықтарды ауыр жағдайда қорғаған әкелеріміз бен аналарымыздың, жеңімпаз ұрпақтың өшпес ерлігін қазақстандықтар қастер тұтады. ТМД аумағында, соның ішінде Қазақстанда айтулы мерейтой лайықты деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шаралардың шырқау шегі Мәскеу мен Бейжіңде өткен ауқымды әрі мазмұнды салтанатты шерулер болды. Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстың қаһармандары мен барша қатысушысын жадымызда мәңгі сақтау – моральдік парызымыз. Фашизмді жермен-жексен еткен Ұлы Жеңіске 80 жыл толса да, өкінішке қарай, әлем салдары ауыр тиетін жаһандық қақтығыс қаупімен тағы да бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын бұрмалауға, фашизмді тойтарған Ұлы Жеңістің тарихи маңызын төмендетуге қатысты әрекеттерге қарсы. Халықаралық құқықтың іргесі сөгіле бастағанын, қақтығысқан мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі әбден төмендегенін, көзқарастар қайшылығы күшейе түскенін, көпжақты дипломатияның дағдарысқа ұшырағанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік әлеуеті әлсірегенін алаңдаушылықпен қабылдаймыз. Осындай геосаяси дүрбелеңдер жағдайында барлық қақтығыс факторын жою үшін ТМД елдері мен барша жақтастарымыздың күш біріктіруі өте өзекті. Мұны өзара түсіністік пен жан-жақты ойластырылған іс-қимыл арқылы шешуге болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді.
Достастықтың 35 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйым қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру негізгі басымдықтардың бірі болып қалуға тиіс екенін айтты.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері сауда айналымының жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш Ұйымның сауда-экономикалық әлеуетін танытады және әлі де мүмкіндіктердің бар екенін байқатады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз. Инвестиция тарту, көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдер енгізу және өңірлердің тең дәрежелі байланыстарын дамыту басымдықтардың қатарында болуға тиіс. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің тың мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз. Мұны келесі жылы сәуір айында БҰҰ аясында Астанада өтетін халықаралық форум алаңында ұйымдастыруға болады. Жиын қауіпсіздік пен дамудың қазіргі сын-қатерлерінің себеп-салдарын зерделеуге арналады. Осылайша, ТМД-ның жетекші сарапшылары қазіргі уақыттың қиын проблемаларын шешуге үлес қоса алар еді. 2026 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органына төрағалық етеді. Еліміздің төрағалығы аясында бірқатар маңызды іс-шара жоспарланған, соның ішінде Еуразиялық экономикалық форум ұйымдастырылмақ. Орайлы сәтті пайдаланып, құрметті әріптестерімді, сондай-ақ ТМД елдері үкіметтерінің мүшелері мен бизнес өкілдерін форум жұмысына белсенді қатысуға шақырамын. Аталған алаңда елдерімізге қатысты ортақ мәселелер қарастырылатынын ескере отырып, оған ЕАЭО мен ТМД-ның бірлескен іс-шарасы мәртебесін беруді қарастыруды ұсынамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.