Республика күні • Бүгін, 09:40

Мемлекеттіліктің құқықтық іргетасы

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1990 жылғы 25 қазан – Қазақстан тарихында күнтізбедегі дата ғана емес, тұтас бір тарихи дәуірдің басталған күні. Қабылданған Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы дек­ла­рациясы мемлекетіміздің тәуелсіздікке бағытталған құқық­тық әрі саяси алғашқы қадамы болды. Бұл құжат жай ғана ерік-жігердің немесе саяси ұранның көрінісі емес, ұлттың өз тағдырын өзі анықтауға ұмтылған парасатты таңдауы еді.

Мемлекеттіліктің құқықтық іргетасы

Сурет: abai.kz

Тарих куә, әлемде бірқатар ел егемендікке төңкеріс пен түрлі әлеуметтік күйзеліс арқылы жетті. Ал сол бір өтпелі кезеңде Қазақстан сая­си тұрғыдан байыптылық пен парасаттылық танытты. Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу үдерісі кезең-кезеңімен жүзеге асты. Алдымен Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабыл­данып, артынша жалпыхалықтық Прези­дент сайлауы өтті. Одан кейін тәуелсіздік туралы Конституциялық заң, содан соң жаңа Конс­титуция әзірленіп, қабылданды. Мұндай жүйелі әрі стратегиялық ойлас­ты­рылған қадам ел ішін­дегі тұрақ­тылықты сақтауға және шынайы билік революцияда емес, заңда екенін дәлелдей түсті.

Декларация – жаңа мемле­кеттің тұғырын бекіткен құжат. Тіпті оның концептуалдық құры­лымы бүгінгі конституциялық нормалардың негізін құрайды.

  • Мемлекеттік биліктің үстем­дігі: Қазақ КСР-і өз аумағында толық, дербес және үстем билікке ие мемлекет ретінде жарияланды. Бұл – одақтық орта­­лықтың шексіз үстемдігін тоқтатқан тарихи қадам.
  • Халық – жердің иесі: Дек­ларацияда алғаш рет жер, жер қойнауы, су және табиғи ресурс­тар Қазақстан халқының ай­рықша меншігі ретінде танылып, бұл қағидат елдің эконо­ми­калық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігінің негізі ретінде бекітілді.
  • Мемлекеттік рәміздерге құқық иелігі: Елтаңбаға, Туға, Әнұранға ие болу құқығы біздің мәдени және саяси болмысымызды мо­­­йындауды және тәуелсіз елдің көрнекі бейнесін қалып­­тас­ты­руды білдіреді.
  • Халықаралық аренаға шығу: Республика өз бетінше сырт­­қы экономикалық саясатын анық­тау құқығын иеленді. Бұл Қазақ­станның әлемдік қауым­дас­тық­та толыққанды мүше болу жолын ашты.

Декларацияның қабылдануы бүкіл қоғамда терең резонанс тудырды. Бұқара бұл құжатты жаңа өмірге бетбұрыс деп қабылдады. Сол кездегі баспасөз құралдары да халықтың көңіл-күйін жарыса жазды. Редакцияға түскен хат­тардың басым көпшілігі ұлт­тық сана-сезімнің оянғанын, аза­маттық жауапкершіліктің қалып­тасып келе жат­қанын аңғартты. Бұл халықтың өз мемлекетін құру үдерісіне алғаш рет саналы әрі заңды түрде қатысуы еді.

Бүгінгі Қазақстан үшін де декларация – тарихи архивтегі құжат емес, қазіргі мемлекеттік құры­­лымның құқықтық-идея­лық іргетасы. Оның негізгі қағи­даттары қазіргі саяси рефор­ма­­ларда өз жалғасын тапқан. Мы­салы, заң үстем­дігі, экономи­ка­лық тәуелсіздік және этнос­ара­лық келісім сынды іргелі идеялары қазіргі мемлекеттілік негізін құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуел­сіздік жолындағы шешуші кезең болды. Бүгінде оның идеялары әділеттілікті, заң үстем­­дігін және ұлттық қауіпсіздікті нығайту саяс­атымызда жалғасын табуда».

Осылайша, 25 қазан – дүние­жүзінің саяси картасында егемен Қазақстанның жұлдызы алғаш рет жанған тарихи сәт. Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларация сол тарихи эволю­ция­ның алғашқы және ең жауапты қадамы. Ол – тәуелсіз мемлекет құру жолындағы кемелділік пен көрегенділіктің нақты көрінісі.

Аталған құжат тек құқықтық акт емес, жаңа ұрпақ үшін де терең мағыналы символға айналды. Бұл – ұлттың тарихи сабақ­тастығы мен азаматтық жауапкершілігін еске салып тұратын рухани бағдар. Себебі декларация әр азаматқа өз мем­лекетін құру ісіне тікелей қатысы барын сезіндірді. Дәл осы сезім – халықтың тарихи жадын, ұлттық бірегейлікті және мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастырды. Сондықтан декларацияның мәні уақытпен шектелмейді.

 

Марат ЖҰМАҒҰЛОВ,

Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы