«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:03

Экологиялық акцияға қатысты

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары және аппарат қызметкерлері Мем­ле­кет басшысының бастамасымен іске асырылып келе жат­қан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қалалық сенбілікке қатысты. Іс-шараға діни бірлестіктер өкілдері, Конфессияаралық және дінаралық диалогтің халықаралық орталығының қызметкерлері, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің түлектерін біріктіретін «Taldau Community»-дің мүшелері де үлес қосты.

Экологиялық акцияға қатысты

Сенаторлар қатысқан «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы бұл жолы Бейбітшілік және келісім саябағында өтті. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында ашылған жаңа бірегей орын екенін атап өткен жөн. Дәл осы жерде үш жыл бұрын, яғни 2022 жылы Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед ат-Тайеб және басқа да әлемдік діндердің лидерлері саябақтың негізін қалап, ағаш отырғызған еді. Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі кезінде аталған орын ресми түрде ашылып, діндер мен мәдениеттер арасындағы рухани көпірдің жарқын рәмізіне айналды.

Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» акциясы тек эколо­гия­лық емес, сондай-ақ рухани тазалыққа және ізгі ниетке шақыратын бастама екені айтылды. Осы орайда сенбі­лік­­тің Бейбітшілік және келісім сая­бағында өткізілуінің симво­лика­лық мәніне де назар аударылды.

Сенат төрағасы «Таза Қазақ­стан» жал­пы­ұлттық акциясы азаматтардың денсау­лығы, болашақ ұрпақтың игілігі және елдің орнықты дамуы жолында айрықша маңызға ие екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы қоғамда экологиялық мәде­ниет қалыптастыруға және табиғат­қа жауапкершілікпен қарау қағидаттарын дәріптеуге үнемі баса мән беріп келе жатқанын атап өтті. Мәулен Әшім­баев бұл қағидаттар қазақ­­стандықтардың жасампаз құндылықтарының көрінісі екенін де тілге тиек етті.

«Президентіміз өзінің Жолдауында қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысы осыған байланысты тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру үшін эко­логиялық ағарту ісінің бірың­ғай үлгісін енгізуді тапсырды. Жалпы, кейінгі жылдары Президенттің бастамасымен елімізде тазалықты дәріптеуге, қоршаған ортаны қорғауға, экологияға жанашыр­лықпен қарауға үлкен көңіл бөлініп жатыр. «Таза Қазақстан» – дәстүрлі жалпыұлттық акция­сы осы бағыттағы ауқымды жұмыстың жарқын көрінісі», деп М.Әшімбаев акцияға қатысқан азаматтарға алғыс білдірді.

Жалпы, аталған сенбілікке 200-ге жуық адам қатысқа­нын айта кеткен жөн. Олар 100-ден аса ағаш отырғызды. Сена­торлар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолға алынған жылдан бері белсенді қолдап келе жатқандарын тілге тиек етіп, бұл қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды әдетке айналдыратын және қаланы көгалдандыруды дәріптейтін, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыратын маңызды бас­тама екеніне назар аударды.