
Бұл инновация Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған цифрландыру бағытына жасалған нақты қадам болды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект «қуатты, әділетті және қауіпсіз Қазақстан құру үшін керемет мүмкіндік ашатынын» атап өтті. «Қазақмыс» компаниясы бұл сөздің нақты өндірістік үдерісте жүзеге асып жатқанын өз үлгісінде көрсетіп отыр. Ташкентте өткен «Micromine» пайдаланушыларының VIII Орталық Азия конференциясында компания мамандары қолданысқа енгізілген жүйенің алғашқы жетістігі туралы айтып берді.
Геологиялық барлау департаментінің директоры Бекасыл Аукешев «Weir Group Digital»-дивизионының президенті Кристен Уолшпен (Ұлыбритания) және халықаралық сату жетекшісі Грег Слэйтермен (АҚШ) келіссөз жүргізді. Қатысушылар бағдарламалық шешімдерді дамыту, ЖИ құралдарын қолдану және отандық мамандардың біліктілігін арттыру мәселесін талқылады. Қазір компанияда геологиялық деректерді, оның ішінде өткен жылдардың мұрағаттық материалдарын цифрландыру жүріп жатыр. Геоақпаратты сақтаудың бірыңғай корпоративтік стандарты құрылуда. Ал «Micromine» бағдарламалық өнімдері барлаудан бастап өндіруді жоспарлауға дейінгі барлық кезеңде қолданады.
«Қазақмыс» жыл соңына дейін «Micromine Advance» және «Alastri» жаңа модульдерін енгізуді жоспарлайды. Бұл өндірістік үдерістердің толық цифрлық интеграциясына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Конференцияда геолог Жан Шомытов Жаман-Айбат кен орны бойынша жүргізген зерттеуін таныстырды. «Micromine» бағдарламасының көмегімен мамандар мыстың минералдануы мен тектоникалық бұзылыстар арасындағы байланысты анықтап, геологиялық құрылымдарды талдауда ЖИ қолдану тиімді екенін растады.
Бүгінде «Қазақмыста» «Micromine» бағдарламасын 400-ден астам маман қолданады. 300-ге жуық лицензия мен
1 400-ден астам модуль бар. Деректердің 90%-дан астамы цифрлық форматқа көшірілді. 500-ден астам маман оқытудан өтті. Олардың басым бөлігі халықаралық сертификатқа ие болды. Осы қадамдардың арқасында корпорация еліміздегі тау-кен өндірісі саласын цифрландыру бағытындағы көшбасшылығын нығайтып, Мемлекет басшысы алға қойған – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды өнеркәсіпте дамыту міндетін жүзеге асырып жатыр.