Қоғам • Бүгін, 08:43

Кешенді жоспар пысықталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төраға­лы­ғымен Президент жа­нын­дағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кешенді жоспар пысықталды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жиында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды.

Ерлан Қарин Кеңес мүшелері Кешенді жоспар жобасына терең талдау жүргізіп, басқа мемлекет­тердің тәжірибесін зерделегенін, соның негізінде нашақорлықпен күрестің жүйелі әрі заманауи тәсілдері ұсынылғанын атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші іс-шара­­лар­ды жүзеге асыратын ведомство­лардың жауапкершілігі дұрыс бөлінбегеніне назар аударды.

– Іс жүзінде Кешенді жоспар жобасындағы тармақтардың жартысына жуығы (110-ның 52-сі) Ішкі істер министрлігіне жүктелген, ал қалғанын өзге мемлекеттік органдар (Денсаулық сақтау министр­лігі, Оқу-ағарту министрлігі, Мәде­ниет және ақпарат министр­лігі, т.б.) атқарады. Алайда Кешенді жоспар жобасының қазіргі нұсқасында нәтижеге бағдарланған көрсеткіштердің барлығы күштік құрылымдардың жұмысымен тікелей байланыс­ты. Нашақорлықпен тек Ішкі іс­тер министрлігі күресуге мін­дет­ті емес. Бұл – ортақ жұмыс, ортақ жауап­кершілік. Сондық­тан әлеумет­тік блокке жауапты министр­ліктер өз тараптарынан нашақор­лыққа қарсы тиімді күрес шара­ларын қосуы керек. Сонда ғана біз ескірткі бизнесіне қарсы күрес пен наркотизмнің алдын алу тәсіл­дерін теңдестіреміз, – деді Е.Қарин.

Өз кезегінде Кеңес мүшелері нашақорлыққа қарсы күресте құқық қорғау жұмыстарымен бірге профилактикалық және саламатты өмір салтын дәріп­теу шаралары да қатар жүруге тиіс екенін құптады. Аталған жұмыс мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек.

Сонымен қатар Кеңестің бір­қатар мүшесі жастарды жұмыс­­пен қамту және жұмысшы маман­дықтарының мәртебесін көтеру мәселелеріне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша Ерлан Қарин мүдделі мемлекеттік органдарға Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсыныстарын мұқият зерделеп, одан әрі пысықтауды тапсырды.