
Дархан Сатыбалды коммуналдық қызметтердің тиімді әрі үздіксіз жұмысы ең алдымен қызметкерлерге жасалған жағдайға тікелей байланысты екенін айтады. Әкімнің тапсырмасымен биыл кәсіпорынның еңбекақы қоры едәуір ұлғайып, нәтижесінде жол жұмысшыларының, жүргізушілер мен механизаторлардың жалақысы 30–55%-ға өсті.
Сонымен қатар, кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы саны 1560-тан 3169 адамға дейін артты. Оның ішінде 1362 жол жұмысшысы, 136 жүргізуші және 84 механизатор қабылданды. Осылайша жол жұмысшыларының штаттық саны 638-ден 2000 адамға дейін көбейіп, үш ауысымдық жұмыс кестесіне көшуге және көше-жол желісін тазалау тиімділігін арттыруға мүмкіндік туды.
Еңбекақыны көтерумен қатар, қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарлама іске асырылып жатыр. Демеушілік қаражат есебінен әрқайсысы 12 адамға арналған екі модульдік тұрғын блок сатып алынды. Жыл соңына дейін сыйымдылығы 60 орындық тағы 10 блок алу жоспарланып отыр. Сонымен бірге 28 орындық модульдік жатақхана орнату мәселесі қарастырылып, Ломоносов көшесі, 23 мекенжайында 100 орындық жатақхананың құрылысы жүргізілуде.
Қысқы маусымда қызметкерлердің жайлы тұруын қамтамасыз ету үшін қала тұрғын үй қорынан уақытша екі үй бөлінеді – әрқайсысы 50 орыннан Наурызбай және Түрксіб аудандарында. Келесі жылы коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері үшін қосымша 272 төсек-орынмен қамтамасыз ету көзделген.
«Коммуналдық қызмет мамандарының жалақысын арттыру мен оларға лайықты жағдай жасау – қаланың тұрақты жұмыс істеуінің маңызды бөлігі, әсіресе қысқы кезеңде. Тек еңбекақымен шектелмей, демалысқа да толық жағдай жасау қажет. Мысалы, демалыс бөлмелері, ас үй, кір жуу және жуыну бөлмелері болуға тиіс. Сонымен қатар, келесі жылы қызметкерлерге арналған жатақханалар саны 400 орынға дейін ұлғайтылуы керек», деді Дархан Сатыбалды.