Мереке • Кеше

Тілсіз жауды тізгіндеген жылқышы

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінгі бейбіт күннің батырлары – құтқарушылар. Табиғаттың тосын апатында тосырқап қалмай, өзге үшін өзінің жанын бәйгеге тігеді. Мәселен, кейінгі 30 жылда 72 құтқарушы өз борышын атқару кезінде қаза тапқан. Тәуекелге тәубе дейміз. Ерлердің батырлығы арқасында талай азамат ортамызда аман-есен жүр. Осындай қиын да қасиетті істің иелерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ерлігі мен еңбегіне жоғары баға берді, деп жазады Egemen.kz.

Тілсіз жауды тізгіндеген жылқышы

 

Мемлекет басшысы мерейін өсірді

Президенттің айтуынша, құтқарушы – елдегі ең беделді әрі құрметті мамандықтардың бірі болуы керек.

«Осыдан бес жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, ал осы салаға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Бір сөзбен, нақты және тиімді шаралар қабылдана бастады. Атап айтқанда, 1700-ден астам арнайы техника алынды. 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды. Аудандық төтенше жағдай бөлімшелері заман талабына сай жаңғыртыла бастады. Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы да басты назарда. Кейінгі екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үстемеақы төленетін болды. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Жалпы, бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады. Осындай шаралардың арқасында азаматтық қорғау саласының кадрлық әлеуеті артып келеді», деді Президент.

Азаматтық қорғау саласы – елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Құтқарушылар жыл сайын түрлі табиғи және техногендік апаттар кезінде мыңдаған адамның өмірін сақтап келеді. Былтырғы алапат су тасқыны кезінде мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қостанай мен Семей өңірлерінде болған орман өрттерімен күресте де олар ерекше ерлік көрсетті.

өрт

 «Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі мен азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – абыройлы әрі жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады», деді Мемлекет басшысы.

Жалынмен жылқы жалында жұлқысқан

Биыл еңбегі еленіп, Құтқарушы күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталған кең жүректі жанның бірі – Мұхамбетжанов Сайлау Жұмағұлұлы. Ол Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының ерікті өртке қарсы құралымының өрт сөндірушісі. Қарапайым ауыл тұрғыны, шаруашылықпен айналыса жүріп, қоғам игілігіне де үлес қосып жүрген азамат. Еңбек жолын ерте бастаған. Мектеп бітіргеннен кейін әкесінің қасында жылқы бағып, сол арқылы еңбек тәжірибесін жинаған. Кейін жеке шаруасын дамытып, фермерлікпен айналысты. Бірақ шаруашылық жұмысының арасында қоғамдық іске де уақыт табады. Соның бірі – ерікті өрт сөндіру ісі.

Ресми түрде құтқару қызметінде жұмыс істемесе де, ауылда төтенше жағдай бола қалған сәттерде бірден көмекке келеді. Өз техникасымен дала мен қора маңындағы өрт ошақтарын сөндіруге қатысады. Осынау жұмыс үшін арнайы жалақы не сыйақы төленбейді, бірақ ол бұл істі көптен бері азаматтық борыш деп қабылдаған.

өрт

«Мұндай істі міндет деп емес, парыз деп білемін. Ауыл – бәріміздің ортақ үйіміз. Біріміздің басымызға түскен қиындық  бәріміздің ортақ ісіміз. Өрт шыққанда қарап тұруға болмайды, кімде техника бар  соның бәрі іске қосылады. Бізде бір-бірімізге сенім бар. Адам баласы қай істе де соған сүйенеді», дейді ол.

Өртпен күрес кезінде әртүрлі оқиғалар болған. Бір жолы дала өрті кезінде техникасының өзі отқа оранып қала жаздаған. Сол кезде ол ауыл жігіттерімен бірге жалынды тоқтатып үлгерген.

«Құдай сақтап, бәрі аман қалды. Өрт деген әп-сәтте жайылып кететін апат. Ондайда қорықпай, сабырмен, ұйымдасып әрекет ету керек. Адамның өмірі – ең маңыздысы.  Кішкентай ұшқынның өзі үлкен өртке айналады. Сондайда қол қусырып отырмай, өз шамамыз келгенше көмек береміз», дейді Сайлау Жұмағұлұлы.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары даладағы өрт жиілеген. Күннің қатты ыстығы, құрғақшылық, кейде адамдардың бейқамдығы да себеп болады. Ауылдық жерлерде өрттің көбі жаз мезгілінде, мал қораларында немесе шөп жатқан алқаптарда жиі болады. Мұндай кезде ол көршілер мен ауыл азаматтарын жұмылдырып, ұйымдасып әрекет етеді. «Бәріміз бірге қимылдасақ, қиындық тез шешіледі. Техниканы да, адамдарды да өзара келісіп бөліп, кімнің не істейтінін бірден айтамыз. Сонда жұмыс та жүйелі болады» дейді ол.

Әр марапаттың артында машақат жатыр

Мерекеде беріліп жатқан әр марапаттың артында адам өмірі мен ерліктің өз тарихы бар. Мысалы, «Қазавиаспас» ұшу қызметінің пилот-нұсқаушысы Андрей Бухал  Шарын шатқалындағы сел кезінде 4 мың метр биіктіктен адам жанын аман алып қалған.

 «Ол жағдай күрделі операция санатына жатады. Оңай болған жоқ. Барлығы алдын ала есептеліп, бірнеше бақылау тәсілінен кейін ғана мүмкін болды. Бұл тек менің емес, бүкіл экипаждың еңбегі – екінші пилот, жетекші инженер және биікте жұмыс істеген құтқарушылардың еңбегі зор», дейді ол.

өрт

Бір сүйсінерлігі, марапат алғандардың көбі өз ерліктері туралы қысқа әрі қарапайым айтады. Өйткені олар үшін ерлік – қалыпты іс. Мәселен, Сарыбұлақтағы жоғалған тікұшақты іздеу операциясы кезінде құтқарушылар 20 метр тереңдікте, нөлдік көріністе жұмыс істеді. Бірақ олар мұны ерлік емес, күнделікті қызмет деп біледі.

«Бұл марапат – менің ғана емес, менімен бірге жүрген жігіттердің еңбегі. Біз әрдайым бір топ болып жұмыс істейміз. Артымда сенімді ұжым мен отбасым бар. Еңбегіміздің бағаланғанына ризамын», дейді суасты-құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Игорь Максимов.

 Құтқарушыларда – қос мереке

 

Биыл отандық құтқарушылар қос қуанышты күнді атап өтеді. Жексенбі күні елде Құтқарушылар күні аталып өтсе, дәл осы уақытта Республикалық жедел-құтқару жасағына 30 жыл толып отыр. Олар алғашқы болып оқиға орнына жетеді: тасқын да, өрт те, жер сілкінісі де – бәрі олардың күнделікті қызметінің бір бөлігі.

Жасақ құрылған күннен бастап мыңдаған адамға көмек көрсетіп келеді. Тек биылдың өзінде құтқарушылар 1500-ге жуық оқиғаға шыққан, 106 адамның өмірін сақтап қалған. Оның жартысына жуығы – балалар.

Кинологиялық бөлімнің қызметі де ерекше. Иттерді іздеу және құтқару жұмыстарына арнайы дайындайды. Мысалы, Павел Володин бес жылдан бері Лео есімді итпен бірге жұмыс істейді. Құтқару саласына мектеп кезінен қызығып, кейін ерікті ретінде қатысып жүріп, бұл істі өмірлік мамандығына айналдырған.

«Қызметтік ит үшін басты марапат – табылған адам. Барлық үйрету үдерісі ойын арқылы өтеді. Итті қатты шаршатуға болмайды, өйткені оның міндеті қылмыскерді ұстау емес, адамды құтқару», дейді Астана қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімінің жетекшісі П. Володин.

Құтқарушылардың жұмысы тек өртпен күрес емес. Бұл салада түрлі бағыттағы мамандар бар: сүңгуірлер, кинологтар, су көлігінің жүргізушілері, тау құтқарушылары.

«Жасақтың негізгі міндеті – апатты жағдайлар мен табиғи зілзалалар кезінде адамдарға көмек көрсету, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және алғашқы медициналық көмек көрсету», дейді Астана қаласы жедел-құтқару жасағының жетекшісі Мақсат Қосыбаев.

Кейінгі жылдары бөлімнің техникалық мүмкіндігі едәуір жақсарған. Арнайы жабдықтар жаңартылып, заманауи техника алынған. Олардың қатарында жол талғамайтын көліктер, квадроциклдер, снегоходтар және жыл мезгіліне қарамастан пайдалануға болатын «Сибэкс» аэролодкасы бар. Бұл қайықтың артықшылығы – оны жыл бойы, кез келген ауа райында қолдануға болады.