Үкімет • Бүгін, 07:55

Тапсырманың тиянақты орындалуы пысықталды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің тәуелсіз цифрлық мүшесі SKAI-дың қатысуымен қордың отырысын өткізді.

Тапсырманың тиянақты орындалуы пысықталды

Жиынға алғаш рет дауыс беру құқығы бар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін директорлар кеңесінің тәуелсіз цифрлық мүшесі SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) қатысты. Қазақстандық Alem LLM тілдік моделі негізінде құрылған бұл нейрондық желі бұған дейін Digital Bridge 2025 халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысына таныстырылған болатын.

Отырыстың күн тәртібінде Қор қыз­метінің биылғы 9 айдағы қорытын­дылары қаралды.

Президенттің ірі инфрақұры­лымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысына назар аударыл­ды. Жамбыл облысында жел энер­гиясы үшін компоненттер шығаратын зауыт іске қосылды. Жаңаөзенде қуаты 50 МВт күн электр стансасы пайдалануға берілді. Қосшы қаласын газбен қамтуға арналған алғашқы іске қосу кешені ашылды. Ұзындығы 409 шақырымды құрайтын жаңа инфрақұрылым сағатына 32,8 мың текше метрге дейін газ тасымалдау­ды қамтамасыз етеді. «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екін­ші жол пайдалануға берілді. Бұл теміржол желісінің өткізу қабілетін едәуір арттырады, жүк тасымалын жеделдетеді және еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Ұзындығы 302 шақырым болатын жаңа «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Қор энергетика, көлік, цифр­ландыру саласындағы ауқымды бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыруда.

Директорлар кеңесінің мүшелері жобаларды іске асыру тиімділігіне қатысты бірқатар мәселе көтерді. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жалпы алғанда қар­жылық көрсеткіштерде тұрақты оң динамика бар екенін баяндады. Өндірістік нәтижелер жос­парланған мәндер деңгейіне сәйкес келеді. Мониторинг нәти­жесіне сәйкес Қор тобының ірі инвестициялық жобалары бойынша қаражатты игеру көрсеткіші 99%-ды құрайды.

Премьер-министр Директор­лар кеңесі мүшелерінің назарын Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі бұған дейін берілген тапсырмаларды орындауы мәселесіне аударды.

Директорлар кеңесінің цифрлық мүшесі SKAI биылғы 9 айда Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдау көлемі артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75%-ға жеткенін хабарлады. Отандық тауар өндірушілерден тауар сатып алу 721 млрд теңгені құрады. Барлығы 497 отандық та­уар өндірушімен 7 227 шарт жасалды (2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 411 млрд теңге, 516 ОТӨ-мен 414 шарт болған еді). SKAI-дың бағалауы бойынша, биылға арналған сатып алу жоспары Wabtec-ке қарайтын отандық өндірушіден локомотивтер сатып алу туралы мәміле есебінен айтарлықтай асыра орындалады.

Отырыста сондай-ақ Прези­денттің «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылуы туралы ақпарат тыңдалды, оның шеңберінде «Самұрық-Қазына» тобы компаниялары­ның қызметкерлері шамамен 1 млн ағаш отырғыза­ды. Сонымен қатар инклюзия, спорт және медицина саласындағы әлеуметтік жобалар туралы ақпарат ұсынылды. Бүгінгі таңда 87 нысан базасында, оның ішінде спорт кешендері, оңалту орталықтары мен инклюзия­ны қолдау кабинеттерінде 700 мыңнан астам адамға әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Жыл соңына дейін Қор бірқатар нысанды, соның ішінде Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жаңа спорт кешендерін ашуды жоспарлап отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының басшылығына инфра­құры­лымдық жобаларды уақты­­лы пайдалануға беруді қам­та­масыз ету және отандық тауар өндірушілерді қолдау жұмыс­тарын күшейту тапсырылды. Тауарлар мен қызметтерді сатып алуда отандық қамту үлесін арттыру қажет.