
Жыл санап беделі артып келе жатқан турнирге биыл К.Хачанов, Д.Медведев, Я.Штруфф, М.Макдональд, К.Муте, Ф.Коболли, Б.Накашима, Х.Меджедович, Ф.Марожан, Л.Нарди сынды танымал теннисшілер қатысты.
Бір апта бойы алматылықтардың көзқуанышына айналған тартысты турнирдің финалында ресейлік Даниил Медведев француз Корентен Мутені 7:5, 4:6, 6:3 есебімен жеңді. Қарсыластар кортта 2 сағат 36 минут өткізді. Д.Медведев кездесу барысында сегіз рет эйс жасап, бес қосар қате жіберіп, мүмкін болған тоғыз брейк-пойнттың төртеуін іске асыра алды.
Бір «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы (АҚШ-тың 2021 жылғы ашық чемпионаты), жеке разрядтағы бес «Үлкен дулығаның» финалисі (2019, 2023 жылдарғы АҚШ чемпионаты, 2021, 2022, 2024 жылдарғы Аустралия ашық чемпионаты), 2020 жылғы ATP қорытынды турнирінің жеңімпазы, 2021 жылғы ATP қорытынды турнирінің финалисі, даңқты Даниил Медведев 2023 жылдың мамырында Рим қаласындағы турнирде жеңіске жеткелі бері алты рет финалда ойнаса да, тек жеңілістің ащы дәмін татып келген еді. Алматыда сол серияны тоқтатып, жеңімпаз атанды.
Айта кетерлігі, турнирдің былтырғы жеңімпазы, ресейлік К.Хачанов бірінші ойынында-ақ жеңіліп қалды. Сондай-ақ өкінішке қарай, жерлестеріміз де бұл турнирде сәтсіз өнер көрсетті. Б.Жұқаев, А.Омарханов, Т.Скатовтар алғашқы ойындарында жеңіліс тапса, А.Шевченко екінші айналымнан аса алмады.