
Доқабадан дермантинге дейін...
Жазушы Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан» романының бірінші томында Найман руының ішіндегі Көншілер табы тері өңдеуде әйгілі болғанын, сондықтан рудың аты Көншілер (тері өңдеудің шеберлері) атанғанын жазады. Сол Көншілер күні бүгін осы өңірде жасап келеді. «Семейдегі тері өңдеу өнеркәсібі қай кезден басталған?» деп сұрасақ, «Патша заманынан басталған» дейді. Шын мәнінде, мұның есте жоқ ескі заманнан бері қалыптасқан өнер екенін ұмытып та барамыз.
«Ескi тарихта, алғашқы кемелердiң желкенi терiден болыпты, тiптi десеңiз, арнайы өңделген терiмен қайықтарды қаптайды екен. Қысқасы, байырғы тұрмыста, от үрлейтiн көрiктен бастап, кiтаптың қымбат сақтиян мұқабасына дейiнгi аралықта терiнiң қолданылмаған жерi жоқ. Бiрақ терi мен доқабаның ең көп қолданылған жерi, әлбетте, соғыс. Ертоқым, ат әбзелiн былай қойғанда, ертедегi ұрыс-соғыс кезiнде жауынгерлер үстiне темiр қамар жапсырылған ауыр былғары сауыт киетiн болған, қолдарына терiмен қапталған қалқан ұстаған. Кейiннен терi өңдеу жетiлiп, садақтың оғы, найзаның сүңгiсi өтпейтiн, қылыш шаппайтын «құяқ» деп аталатын өте жеңiл сауыт жасалған», деп жазады ұстазымыз, жазушы Таласбек Әсемқұлов.
Жазушының «Боз бетеге, сұр соқпақ...» деген бұл мақаласында мұнай, балық, тері-доқаба саудасынан басталған Батыс өркениетінің қатыгездігі және 1931–1933 жылдардағы қазақ даласында болған ашаршылық трагедиясы параллель беріледі. Тері өңдеу өнеркәсібі адамзат өркениетінде бір кездері әлемдік геосаясаттың өзегіне айналғаны айтылады. Еуропа мен Азия арасындағы сауда жолдарында тері ең өтімді шикізат ретінде жүрген. Әйгілі отарлық экспансияларда да теріге сұраныс стратегиялық маңызға ие болыпты. Осының арқасында Еуропадағы экономикалық дамудың қозғаушы күші – жеңіл өнеркәсіп қалыптасты. Сондықтан тері өңдеу тек қолөнер не шаруашылық емес, тұтас бір дәуірдің саяси, әскери және экономикалық тепе-теңдігі мен ықпалды фактор болғаны жазылған.
Бүгінде былғарының керек емес жері жоқ. Табиғи теріге сұраныс та бар. Бірақ елде сұраныс сезілмейтін себебі – өндірістің аздығы. Біз «табиғи тері» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпыз. Өйткені дамыған елдерде табиғи терінің орнын бірнеше балама материалдар басып келеді. Соның бірі – өнеркәсіпте кеңінен қолданылып жүрген жасанды тері, мұнай қалдықтарынан жасалатын дермантин. Кейінгі жылдары сән индустриясында вегантері ұғымы қалыптасты: өсімдік тектес шикізаттардан – ананас жапырағы, кактус, саңырауқұлақ мицелийі немесе алма қабығынан жасалады. Болашақтың материалы саналатын биотері болса – зертханада жасушалық жасанды жолмен өсірілетін жаңа өнім.
Ал бізде кәдемізге молынан жарайтын шикізат көздері қоқыс полигондарының шұңқырын толтырып жатыр. Ветеринария ғылымы далада шашылып жатқан терінің залалды екенін (өртелсе де), оның уы ауаға жайылып түрлі ауру тарататынын айтып-ақ келеді. Тіпті сойылған малдың сүмесінен басқа, терісі, жүні бәрі кәдеге жарап, өндіріс материалына айналуы – қоғамға пайдалы екенін ұғуға көп ақыл керек жоқ, бұл бәріне түсінікті жайт.
Сала салақсуды көтермейді
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елде тері өңдейтін 9 кәсіпорын бар. Жылына 3,5 млн ірі қара малдан тері алынады, соның 17%-ы ғана өңделеді. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаты 3 млн ірі қара мал терісін өңдеуге ғана жетеді.
– Қазір әлем былғары бұйымдарын мұнайдан артық бағалайды. АҚШ, Қытай, Италия, Түркия, Моңғолия сияқты мемлекеттер бұл салада миллиардтаған доллар пайда көреді. Түркия әлемдегі шикі тері импортының 30%-ға жуығын бір өзі иемденіп отыр. 3,3 млн халқы бар Моңғолияда заманауи 34 былғары зауыты жұмыс істеп тұр, – дейді Тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев.
Біздегі былғары кәсібінің ақсап тұруының тағы бір себебі – тері өңдеу саласына мемлекеттен субсидия бөлінбеуінен дейтіндер де бар. Өйткені тері өңдеуге қажетті құрал-жабдықтың дені импортқа тиесілі, бұған қоса заманауи технологияның құны едәуір қымбат. Жартылай фабрикаттарды өндіру технологиясында қолданатын шикізат пен қажетті химиялық реагенттердің өзі шетелден алынады. Мал терісінің шикізат түрінде «көлеңкелі арна» арқылы шетел асып жатқаны да айтылып жүр.
Өңделген терінің үш сорты бар. 30-35% өңделген көк тері «Wet blue» деңгейіне жатады; 70% өңделген тері – «Crast» болса, «Finish» деңгейіндегі былғары ғана жоғарғы сапа болып саналады. Әлемдік нарықта қаны жерге тамбай тұрған Италияның «Kelton» аяқкиім бренді осы «Finish» деңгейінде өңделген былғарыдан тігіледі. Соған қарағанда, біздің елден шыққан терінің өзі шетелде тиынға бағаланады.
Семей тері өңдеу зауытының ахуалы
«Семей тері-механикалық комбинаты» ЖШС директоры болған Жұмағазы Рахымғалиевтің айтуынша, кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін отандық тері өңдеу кәсіпорындарының жұмысы тоқырап қалды.
– Семейдегі тері илеу саласының 140 жылдық тарихы бар. Кезінде Мусин, Морозов деген тері илеу зауыттары болған. Ал біз ең үлкен модернизацияны 2011 жылы жасадық, бірақ көлденең кедергілер туындап, кәсіп тарап тынды. Орта есеппен күніне 2 000 қойдың, 1 000 сиырдың терісін иледік. Орталық Азияда жоқ технологиялық жабдықтарды алып келдік. Тіпті Италияға өнім экспорттадық. Бір күнде бір контейнер өңделген тері тиейтін едік. Қазір сиыр терісін илейтін жабдық қалды, қой терісін өңдейтін ештеңе жоқ, бәрі Өзбекстанға кетті. Мен бар кезде зауытта 1 200 қызметкер жұмыс істеді. Сол кездегі статистика мен қазіргі жағдай жер мен көктей», дейді ол.
1983 жылы Семейде иленген теріден тігілген аяқкиім күллі одақты түгел қамтып тұрыпты. Одақ ыдыраған соң зауыт жекеменшікке өтіп, 1998 жылы «Семей тері-механикалық комбинаты» ЖШС ретінде құрылады. Өндірістік қуаты артпаған кәсіпорын 2000 жылға қарай тұралап қалған. 2008 жылы зауытты жаңғырту мақсатында құны 25 млн доллар тұратын реконструкция және модернизация жобасы басталып, оған Қазақстан Даму банкі қолдау көрсеткен. 2011 жылы комбинат қайта іске қосылады. Алайда Қазақстан Даму банкінің қаржыны уақтылы аудармауы салдарынан зауыт жыл өтпей-ақ қаржылық қиындыққа тап болады. 2010 жылы банк зауытты «Қазақстан инвестициялық» қорына проблемалы кредит ретінде өткізіпті. Соған қарамастан, комбинат әупірімдеп жұмысшыларын сақтап, жұмысын тоқтатпаған. Бірақ 2019 жылы өнеркәсіп банкротқа ұшырап, қордың балансына өткен. Ондаған жыл дау-дамайдан көз ашпаған зауыттың сол кездегі жағдайы әлі де жұмбақ.
Өңірдегі тері өңдеу өнеркәсібінің қазіргі ахуалы туралы Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасына сұрау салдық. Басқарма басшысының орынбасары Мирас Тоқтархановтың жазбаша жауабына қарасақ, 2024 жылы ірі қара мал терісі 237,4 мың дана, ұсақ мал терісі 464,8 мың дана алынған.
«Биыл 8 ай қорытындысында ірі қара мал терісі 148,5 мың дана, ұсақ мал терісі 318,5 мың дана алынды. Абай облысы бойынша теріні қайта өңдеу саласында Семей қаласында ақуызды өндіруге арналған инвестициялық жобаны «Eastern Protein» ЖШС (Омаров А.Б.) кәсіпорны іске асыруды жоспарлап отыр. Қуаттылығы – жылына
250 мың дана. Жобаның құны – 600,0 млн теңге. Іске асыру мерзімі – 2027 жыл. 2025–2026 жылдары – тері жинау бойынша 8 дайындау орталығын ашу (қазіргі саны – 3-еу), жүн жинау бойынша 4 сервистік дайындау орталығын ашу (қазіргі саны – 2-еу) жоспарланып отыр», делінген жауапта.
Басқарма берген бұл жауапқа тұшына алмадық. Бұдан соң «ST Invest Group» ЖШС директоры Нұрбол Жұмабайұлымен тері өңдеу зауытының қазіргі ахуалы жөнінде сөйлестік.
– Былғарыға жарайтын сапалы тері Шымкенттен ғана келеді. Өңірдегі терінің көбі жарамсыз – уақтылы вакцина егілмейді, дұрыс сойылмайды. «Желатин», «белок» ретінде Ресейге жібереміз. Біздің зауыт бір айда 1 000 тонна тері өңдеуге қауқарлы. Алайда соның жартысын істеп отырмыз. Кредит сұрағанбыз, ол да болмады, – дейді.
Оның сөзінше, терінің экспорттық баж салығы (1 тоннаға – 200 еуро) да мәселені шешпейді.
– Зауытта кеңес заманында үш мыңдай адам жұмыс істеген. Кейін кредит алған... Италиялық техникалар бар, сапасы жақсы. Бірақ ескіріп барады. Сонда да ілдебайлап істейміз. Қазір 30-40 адам еңбек етеді. Бұл саланы дамыту үшін дайын өнім шығаруға дейінгі мәселе шешілуі керек. Онсыз қиын. Осы туралы инвесторлармен сөйлесіп жатырмыз, – дейді Н.Жұмабайұлы.
Семейдегі тері өңдейтін тағы бір кәсіпорын – «Semey Tannery» ЖШС. Араға жылдар салып 2020 жылы қайта құрылған бұл компания туралы деректер аз. Тек зауыттың ашылғаны туралы ғана ақпар кездестірдік...
Түйін
Кеше тері илеп, былғарыдан тон тігіп, саптама етік киген қазақ бүгінде былғарыны түстеп тани алмайтын күйге түсті. Тері өндірісі жүйелі жолға қойылмағандықтан ауылдағылар оны қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Себебі бұрынғыдай теріні қабылдау орындары жоқ. Содан тері саудасы тоқтап, ауылдағы ағайын қосымша табыс көзінен айырылып отыр. Сондықтан бүгінде тоқырап тұрған тері өндірісі облыс басшылығының да назарына іліксе деген тілек бар. Тері илегендер зар илемесін дейміз. Өйткені өңірде тері өндірісін қайта түлету – жеңіл өнеркәсіпті жаңғыртудың маңызды саласы екені рас. Семейдегі комбинаттар тарихы мен бүгінгі ахуалы соны дәлелдейді.
Қала маңындағы Шақаман ауылында салынып жатқан жаңа ет комбинаты – осы бағыттағы үлкен мүмкіндік. Бұл өз кезегінде өңірдегі былғары зауытының қайта жандануына серпін берері сөзсіз.
Абай облысы