
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанға 1,3 миллион шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары. Мұндай өсім Қазақстанның туризм саласына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Халықаралық қауымдастық та Қазақстандағы оң өзгерістерді атап өтуде. Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша еліміз 119 мемлекеттің ішінде 52-орынға ие болды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда алты саты жоғары нәтиже. Айта кетерлігі, Қазақстан бұл көрсеткіште Орталық Азия елдерінің арасында алдыңғы орында: Өзбекстан – 78-орында, Тәжікстан – 99-орында, ал Қырғызстан – 102-орында.
Туризм – экономиканың маңызды салаларының бірі. Ол жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда туризм ерекше қарқынмен дамып келеді. Елдің бай табиғаты, тарихи мұралары мен қонақжай халқы шетелдік және ішкі туристер үшін тартымды бағытқа айналуда.
Бүгінгі таңда елімізде экотуризм, мәдени-танымдық, тау туризмі, этнотуризм және шытырман саяхат бағыттары белсенді дамуда. Туризм күні – осы саланың мамандарын, гидтер мен туроператорларды, сондай-ақ саяхат сүйер қауымды біріктіретін ерекше мереке.
Саяхаттау – жаңа әсер, жаңа адамдар және жаңа идеялар әлеміне жол ашады. Бұл күн әрқайсымызды туған жеріміздің сұлулығын тануға, табиғатты қорғауға және әлем мәдениеттерінің байлығын құрметтеуге үндейді.