Спорт • Бүгін, 16:28

Анна Данилина жұптық сында қарсыластарын ойсырата ұтты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның жұптық сындағы үздігі, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Жапония астанасында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы Токио турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Анна Данилина жұптық сында қарсыластарын ойсырата ұтты

Фото: Global Look Press

Сербиялық әріптесі Александра Круничпен тандем құрған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда мексикалық Джулиана Олмос пен индонезиялық Алдила Сутджиаджиадан басым түскен. Бір сағатқа жуыққа созылған матч Данилина – Крунич жұбының айқын жеңісімен аяқталды — 6:1, 6:3. 

Сонымен қатар, Елена Рыбакина да Токио кортында өнерін жалғастырады. Әлемнің жетінші ракеткасы саналатын Рыбакинаның алғашқы қарсыласы бүгін белгілі болды. Бірінші айналымда канадалық Лейла Фернандес (WTA – 22) грекиялық Мария Саккариді (WTA – 54) 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіп, келесі айналымда Рыбакинамен кездесуге жолдама алды.

Ал Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінде Қазақстанның тағы бір өкілі, әлемнің 76-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда ресейлік Алина Корнееваны (WTA – 165) 7:6 (7:2), 4:6, 6:4 есебімен ұтты. Екі жарым сағатқа жуыққа созылған тартысты матчта Путинцева жеңісті жұлып алып, жарыстың ширек финалына шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

Келесі кезеңде Юлия Путинцева әлемдік рейтингтің 96-сатысындағы германиялық Элла Зайдельмен кортқа шығады.