Қоғам • Бүгін, 08:15

Ғылмани қызының естеліктері

70 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Алматыда Нұр-Мүбарак университетінде Қазақстанның дін ғұламасы, 20 жыл ел қазиятын басқарған тұлға, аудармашы, ақын, рухани сала тарихшысы Садуақас Ғылманидың (1890–1972) перзенті, кеңес заманының қиын жылдары әке мұрасын үзіліссіз насихаттаған Үкіжан (Мүмина) Садуақасқызы (1923–2024) ұрпаққа аманат еткен «Өмірімнен ескерткіш» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Ғылмани қызының естеліктері

Алматы мен Астанада тұратын дәстүрлі дінімізге жанашыр иманды, намазхан азаматтар Үкіжан апаны жақсы біледі. Тіпті ол кісі­нің 90-нан асқан жасында ел бірлігі, ұлт құндылығы, имандылық ұстыны, отбасы берекесі туралы айтқан ой-пікірі, толғамы, батасы әлі күнге дейін әлеуметтік желіде, ютуб арналарда жұрттан-жұртқа тарап, Абай дана жазғандай, «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деңгейін асқақтатып, рухын шат етіп тұр...

Үкіжан Садуақасқызының «Өмірімнен ескерткіш» кітабы қайсар қазақ қызының даңқты әке өсиетіне адалдығын, атеизм дәуіріндегі парасаты мен ақылын, түрлі жағдайға байланысты оқымай қалса да өмірден көп тоқығанын, елдік жиындардан бастап дәстүрлі той-томалақ пен құдайы ас-садақаға дейін иман­дылықтың мінберіне айнал­дырғанын, бірте-бірте ел анасы биігіне көтерілгенін көрсетеді.

Былтыр елшіл азаматтар, Парламент Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев пен Ерлан Барлыбаевтың (Бапан, Саққұлақ билерден тарайтын Ерейменнің әйгілі болыс, игі жақсылары Олжабай, Барлыбай Нұралыұлының ұрпағы; Олжекең мен Барлекең С.Ғылманиды пір тұтқан) демеушілігімен, Еуразия университетінің доценті Г.Т.Өтелбайдың даярлауымен шыққан мұра Рамазан айы – 27 наурызда Астана зиялыларына, ғалымдарына таныстырылған еді.

рп

Нұр-Мүбарак университетінде Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан үйлестірген тұсаукесерге Қазақстан мүф­тиятының ардагерлері, Үкіжан апаның көзін көріп сыйласқан қажылар Асылхан Өмірзақұлы, Мұхаммед-Хүсейін Алсабеков, ұзақ жыл Нұр-Мүбарак университетінің проректоры болған профессор-шығыстанушы Шәмшәдин Керім, әйгілі дінтанушы Х.Алтайдың перзенті Әбдірахман Халифаұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институының директоры, академик Зиябек Қабылдинов, марқұммен жиі араласқан намазхан қауым, кітап авторының ұлы Мұхамедғали, келіні Роза, немересі Меруерт, немере күйеу баласы Дулат, оқытушылар мен студенттер қатысты. Жиынды алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды.

Асылхан Өмірзақұлы: «Үкіжан Садуақасқызының мына кітабы ұрпақ үшін, дінтанушылар үшін аса қажет. Өйткені Садуақас Ғылмани – қазият пен мүфтият тарихының жарқын беті. Апамыз турашыл, зерделі, бастаған ісін соңына дейін апаратын ерекше жан еді. Мәуліт кезінде сөз сұрап, әкесі жазған асыл Пайғамбарымыз туралы нәби-жырды тоқтамай жатқа айтатын. Кейде Құран сүрелерін оқығанда «Апа-ау, молдаларға да оқитын бірдеңе қалдырыңыз» деп қалжыңдайтынбыз. Әкесі отырған ескі ғимараттың есігіне де, төріне де аялы алақанын тигізіп, тың естелік айтатын» десе, Мұхаммед-Хүсейін Османұлы: «Әкем жарықтық 5 жасымда Садуақас Ғылманидың алдына алып барды. Ес білгеннен қазидан тәлім алдым. Қолымда ол кісі өзіме арнайы жазып берген бірнеше дүние бар. Үкіжан апамызды тек жақсы жағынан еске аламын (имамның көңілі босағаны байқалды). «Айналайын!» дегенде, әкесін көргендей болатынмын. С.Ғылмани атамыз жаяу жүретін. Мені қолдау үшін «Бұл бала мешіттің кілемін жуады» деп, арнайы ақша бөлгізетін. Ол кісі қайтқанда 14 жаста едім. Жана­засына қатыстым. Сүйегі Кеңсайға қойылды. Үкіжан апамның ең үздік қасиеті – адал­дығы мен шын­шылдығы. Талай әйел баласына ұстаз болды» деп ойын түйіндеді.

Алматы бас имамы Төлеби Дәділұлы Үкіжан апаның ел анасы ретіндегі имани тәрбиесін, кәрі-жас демей бауырмал­дықты арттырған дәнекерлігін еске алса, профессор Шәмшәдин Тұрсынұлы дін тарихындағы ұрпақ сабақтастығы­нан, репрессияланған имамдар тарихынан сыр шертті. Академик-тарих­шы Зиябек Ермұханұлы «Әбдікәрім Мусимов» атымен С.Ғылманидың Омбы өңірінде шараушылық ұстасы жұмысын атқарып, жан сауғалаған кезі туралы әңгімелесе, Әбдірахман Халифаұлы әкесінің Үкіжан апаны ерекше қадірлегенін айтты. Көзкөргендер арасынан Қ.Есенаманқызы, К.Шанту­қызы, Қ.Бейісбек, А.Мешітқұлқызы ­кітап авторының адами болмысы мен өмір­лік тәлімін еске алды. Расында, ойлана қарасақ, діндар-қайраткер 1928–1929 жылдан қудаланса, перзенттері де 5-6 жасынан ананың да, әкенің де мейіріміне бөлене алмапты. С.Ғылмани 1930 жылы Ақмола абақтысынан қашып шыққанда әкесі мен 7 жасар қызы араға талай ай салып түнде жасырын ұшырасып жүреді. Бір жолы ОГПУ жендеттері «Әкең қайда? Айт!» деп, балауса қызды тар қапасқа да қамайды...

Дін тұлғасының әулеті атынан тұсау­кесерді қорытқан Мұхамедғали Ғалымжанұлы: «17–18 жылдай саяси қуғын-сүргінде болып, дін үшін азап шеккен нағашы атамыз Садуақас Ғылмани­дың талай ұл-қызы жастай шетінеп кетті. Ұлдан аман қалғаны Хамат ағамыз еді. Ол да соғыстан оралмады. Біз нағашымыз­дың алақанында өстік. Анам мен әкем қази­дың балаларымыз деп, кеуде қақпады. Адал жүріп, сәтімен еңбек етті. Анам ер азаматтың ісін атқарды. «Әкемнің мұрасы ұмытылмасын» деп, өлеңін, естелігін қаншама дәптерге көшірді. Түнде де, ауруханада да жазып жүретін. Қазір инклюзия дейміз ғой, науқас балаларын емдетіп, арнайы мектепте оқытып, қайсар әйел атанды. Ол кісіні Алматының аға буын зиялылары, қайраткерлері түгел жақсы көрді. Тік тұрып сыйлады. Өмір ғой, солар­дың қайтқан анасын, әйелін, кейде қызын ­арулап шығарып салған да – біздің ше­ше­міз. Алла қолдап, аруақ жебеп, анамыз ­97 жасында бақиға көшті. Асыл анамыз­дың естелік кітабы – біздің әулеттің ғана тарихы емес, ел тарихының бір бөлшегі. Осы еңбекті шығаруға атсалысқан барлық аза­матқа басымды иіп, алғыс айтамын» деді.

Тұсаукесер соңында Нұр-Мүбарак университеті кітап­ханасына және жиналған қауым­ның бәріне Үкіжан Садуақас­қызының «Өмірімнен ескерткіш» кітабы тарту етілді.

 

Ескерген Иманбай