ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:20

Каспийдің экожүйесі алаңдатады

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Каспий теңізінің тартылуы мәселесін ерекше атап өтті. Түйткілді шешу мақсатында Каспий маңы мемлекеттері арасында бірлескен бағдарлама жасаудың маңызына тоқ­талып, ғылыми-зерттеу­лерге басымдық беру керектігін айтты.

Каспийдің экожүйесі алаңдатады

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Каспий теңізінің экожүйесіне төніп тұрған қауіп – өзекті мәселе. Каспий – халқымыздың баға жетпес табиғи қазы­насы әрі өңірдің экологиялық тұрақтылығы ­мен экономи­калық өркендеуінің маңызды кепілі, оның гидрологиялық жағдайы аймақтық климатқа, биоәртүрлілікке, эконо­микалық қызметке тікелей әсер етеді. Қазір Каспий маңы аймағы бұрын-соңды болмаған экологиялық қиын­дыққа тап болды. Кейінгі онжыл­дықтарда теңіз деңгейінің ауытқуы мен су балансының өзгеруі экожүйеге, балық шаруашылығына, жағалау инфра­құрылымына, көлік-логистика саласына елеулі ықпал етті.

Каспий теңізінің еліміз аумағын­дағы бөлігі – ең осал аймақ, өйткені оның таяз су айдыны климаттық ауытқуларға, су балансының өзгеруіне бірінші болып жауап береді. Деңгейдің одан әрі төмендеуі порттардың таяз болуына, уылдырық шашатын жерлердің жоғалуына, жағалаудағы ландшафттардың деградациясына, бүкіл аймақтың экологиялық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Көптеген зерттеулерге қарамастан, теңіз деңгейінің жыларалық, онкүндік өзгеру механизмін анық сипаттайтын бірыңғай физика-математика­лық модель әлі де жоқ. Қолданыстағы болжамдардың көпшілігінде нақ­тылық жоқ, бұл климатология, гидрология, география, экологияны біріктіретін пәнаралық талдауға негізделген жаңа кешенді тәсілдерді қажет етеді.

Ш.Есенов университетінің ғалым­дары Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан жоба аясында Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым академиясы П.Ширшов атын­дағы Океанология институтының ғалым­дарымен бірлесіп зерттеулер жүргізіп жатыр. Алдын ала нақтыланған нүк­телерден су, тұнба сынамалары алынып, теңіз ортасына арнайы құрыл­ғылар орнатылды, бұрын орнатылған құралдардан деректер жиналды. Зерт­теу Каспий теңізінің қа­зіргі жағдайы мен деңгейлік режімінің динамикасын сипаттайтын көпжылдық гидрометеорологиялық, климаттық, спутниктік дерек­терді кешенді тал­дауға не­гіз­делген. Жұ­мыста Баку, Махачкала, Форт-Шев­ченко, Атырау, басқа да жағалау пункт­­­терінің гидрометеорологиялық бе­кет­­­терінің деректері пайдаланылды. Бұл ауа­­­­ның, теңіз беті тем­пературасының, мұз­­­ды­­лықтың, су деңгейі өзгерісінің ұзақмер­­­­зімді үдерістерін бағалауға мүмкіндік берді.

Каспий теңізінің қазіргі жағдайы экожүйеге, жағалау аумақтарының әлеу­меттік-экономикалық тұрақты­лығына тікелей әсер ететін климаттық, гидро­логиялық өзгерістермен сипатталады. Өткен ғасырдың 90-жыл­дарының ортасынан бастап теңіз деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалды, спут­никтік мә­ліметтерге сәйкес, 2025 жылға қарай ол үш метрге жетті. Бұл үде­ріс су мен ауа температурасының жоға­­ры­­­­лауымен, өзен ағынының тө­мен­деуімен, мұз қабатының азаюымен, бу­ланудың жоғарылауымен бірге жүреді.

1995 жылдан бері теңіз деңгейінің үздіксіз төмендеуі барлық Каспий маңы елдері ғалымдарының, билік өкілдері мен қоғамның айрықша назарын аудар­ды. Спутниктік альтиметриялық дерек­терге сәйкес Әзербайжандағы Баку бақылау бекетінде теңіз деңгейі – 29,4 метрге дейін, Ресейдің Махачкала қаласын­дағы бекетте 29,3 метрге дейін төмен­деген. Бұл – кейінгі 500 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Каспий теңізі деңгейінің жылына орташа есеппен 10 см-ге біртіндеп тө­мендеуі (кейбір жылдары бұл көр­сеткіш 35 см-ге дейін жеткен) үкі­метаралық деңгейде, халықаралық ғылыми форумдарда, аймақтық, фе­дералды ведомстволарда кеңінен тал­қыланып жүр. 2050 жылға дейін теңіз деңгейі климаттың құбылуына байланысты тағы бірнеше метрге дейін төмендеуі мүмкін.

Егер су деңгейі 10 метрге тө­­мендейтін болса, солтүстік Каспий­дің еліміздегі бөлігінде теңіз жағалауы қазіргі шекарасынан 200 км-ге дейін шегініп, порттар мен инфрақұрылымдарды әлеуметтік-экономикалық, экологиялық зар­даптарға соқтыруы ықтимал.

Кейінгі жылдары ғарыштық зерттеу­лердің дамуымен алтиметр­лер арқылы теңіз деңгейін зерттеу дамып келеді. Елімізде «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу инс­титуты» КеАҚ ашылуы, отан­дық ғалымдардың кешенді зерттеу жұмыстарын қолға алуы – жағымды жаңалық.  Жүргізілген зерттеу Каспий теңізінің деңгейлік режімінің өзгергіштік тетіктерін түсінуге елеулі үлес қосты, ғылыми жұмыстардың бағытын айқын­дады, еліміздің жағалау аумақтарын тиімді бейімдеу мен басқару стратегияларын қалыптастыруға негіз қалады.

Каспий теңізінің алаңдатарлық ахуалы – болашақ алдындағы зор жауапкершілік. Теңіздің байлығы мен сұлулығын сақтау, ғалымдар мен сарапшылардың күшін біріктіріп, болашағын айқындау – баршамыз-дың міндетіміз.

 

Самал СЫРЛЫБЕКҚЫЗЫ,

Ш.Есенов университетінің профессоры, «Ecojer» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі

 

Маңғыстау облысы