Инфляция • Бүгін, 12:00

Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны тежеу жоспарын әзірлеп жатыр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен пленарлық отырыста 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет және жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобалары қаралды. Құжаттар Бюджет кодексінің талаптарына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет пен  Ұлттық банк инфляцияны тежеу жоспарын әзірлеп жатыр

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Отырыс барысында депутаттар Үкімет өкілдеріне сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Депутат Берік Бейсанғалиев алдағы үш жылда экономиканы нығайтуға бағытталған нақты шаралар туралы сауал қойды.

Оған жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов соңғы жылдары ел экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Расында да бюджеттік жоспарлау кезінде біз консервативтік тәсілді қолданамыз. Соңғы 3 жылда экономикамыз тұрақты өсіп келе жатыр. 2023 жылы 5,1% болды. Былтыр 5% өстік. Биыл өсу қарқыны жоғары болып тұр. Жалпы әлемдегі ахуалды қарасақ, әлемдік экономиканың орташа өсімі – 3%. Біздің ірі көршілерімізді және бізге маңызды елдерді қарайтын болсақ, олардың экономикалары да баяулап жатыр. Сондықтан Үкімет тарапынан тұрақты, қарқынды экономикалық өсімді қамтамысыз ету үшін біз бар күш-жігерімізді салып жатырмыз», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы көлемі 8 трлн теңгені құрайтын ірі бағдарлама іске қосылған. Бұл қаражат маңызды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды дамытуға бағытталады.

«Біздің қоржынымызда басқа да кешенді іс-шаралар бар. Оның бәрін қабылдап, тиісті даму қарқынын қамтамасыз етеміз деп ойлаймыз. Биыл жалпы 190 индустриялық жоба іске қосылады. Олардың жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асады. Ал барлық саланы айтатын болсақ, қазіргі таңда 1681 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалардың шеңберінде 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылады. Алайда, өсіммен қатар бізге макроэкономикалық тұрақтылық өте маңызды. Бірінші кезекте инфляцияны тежеу керек»,  деді Бектенов.

Сонымен қатар, Премьер-министр қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейі 12,9%-ды құрағанын айтты.

«Ол біздің пікірімізше тым жоғары көрсеткіш. Оны төмендету керек және осы бағытта біз Ұлттық банкпен ілесіп, тиісті шаралар жоспарын дайындап жатырмыз. Ол дайын болған кезде оны жақын арада халыққа жариялаймыз. Осы барлық факторды есепке ала отырып, біздің пікірімізше, жоспарланған даму қарқынының көрсеткіштері дұрыс теңгерімде деп санаймыз», деп жауап берді Премьер-министр Олжас Бектенов.