
Ұлыбританияның ең танымал хоррор-фестивалінің бірі саналатын бұл шараға көрермен көп жиналады. Онда фильм көрсетілімдерін, байқау бағдарламаларын, тақырыптық көрмелер мен Тәуелсіз кино премиясының (Indie Film Awards) марапаттау рәсімін ұсынады. «Жезтырнақ» фильмі «Best Score» сыйлығын «Қазақ этностық нақышындағы ерекше музыкасы үшін» иеленді. Қазылар алқасы ұлттық интонациялардың, фоль-клорлық әуендердің және заманауи киномузыканың ерекше үйлесімін атап өтті. Саундтректің авторы – композитор Абай Ақбаев.
«Бұл жеңіс – фильмнің ғана емес, ұлттық музыканың жеңісі. Біздің мәдени бірегейлігіміздің халықаралық деңгейде бағалануы зор мақтаныш. Атаулы марапат қазақ музыкасының, фольклорымыздың рухын, мінезін және мистикалық қуатын жеткізе алатын заманауи тіл бола алатынын дәлелдейді», деді «Clover Street Production» студиясының бас директоры Валерия Карабан.
Оның айтуынша, соңғы жылдары қазақ музыкасы мен киносы ұлттық дәстүр мен заманауи үнді үйлестіре отырып, халықаралық деңгейге көтерілді. Халықтық әуендерді жаңа эстетикада қайта ұсынудан бастап, түпнұсқадағы киномузыкалық композицияларға дейін әлемдік мәдени кеңістіктің бір бөлігіне айналып келеді.
«Жезтырнақ» – қазақ мифологиясының мотивтеріне негізделген хоррор-комедия. Фильмнің оқиға желісі блогер жігіт пен ауқатты бойжеткеннің таныстығы мен қарым-қатынасының дамуын суреттейді, алайда қыз жезтырнақ болып шығады. Картинаны «Clover Street Production» студиясы түсірген болатын. Сценарий авторлары – Сәбит Рақымбаев, Әуез Тұрмагамбетов, Нұрәли Сұлтанов және Ильмир Сағитов. Басты рөлдерді Есентай Ниязбаев пен Динара Мирасбек сомдаған.
Бұған дейін фильм Канадада өткен «The Bloody Horror International Film Festival»-де «Horror-Mystery Feature Film» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған, сондай-ақ Жапонияның «Karatsu International Film Festival» фестивалінде көрсетіліп, актер Есентай Ниязбаев «Екінші пландағы ең үздік ер адам рөлі» аталымында марапатталған.