Жасанды интеллект • Кеше

«AI-Sana»: бағдарламаның аяқ алысы қалай?

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы болашақ маман болатын бүгінгі студент пен оқытушының ЖИ жөніндегі базалық сауатын арттыруды талап етеді. Осы мақсатта «AI-Sana» бағдарламасы әзірленіп, оны кезең-кезеңімен енгізу басталды. Сол ауқымды істің барысы, аяқ алысы қалай? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен баяндалды.

«AI-Sana»: бағдарламаның аяқ алысы қалай?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Баспасөз жиынында  Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щег­лова бағдарлама барлық деңгейдегі сту­денттерді, магистранттарды, жас зерттеушілерді қамтитынын айтты.

«Бірінші кезеңде 650 мың студентті жасанды интеллект негіздеріне, жасанды интеллектіні басқару дағды­ларына оқыту көзделген. Қазіргі таңда студенттер курс­тардан өтіп, сертификат алды. Олар «Huawei», «Coursera», «Astana Hub» және университеттердің жеке бағдарламалары бойынша оқы­ды. Келесі кезеңдерде – жасанды интел­лектіні тереңдетіп оқыту, технологиялық кәсіпкерлік, салалық жобалар әзірлеу және стартаптарды акселерациялау жоспарланған. Осылайша, «AI-Sana» бағдарламасы ЭКСПО аумағында орна­ласқан «Аlem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы үшін адам капиталының негізгі көзі болады», деді министрдің орынбасары.

Д.Щеглованың айтуынша, «AI-Sana» бағдарламасының бірінші кезеңі аясында студенттер өтетін негізгі курс­тар бар. Оқыту «Huawei», «Astana Hub» және «Coursera» сияқты жетекші халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр және бұл жасанды интеллектінің кең бағытын қамтиды. Студенттер аталған курстарды сәтті аяқтағаннан кейін сертификаттар иеленеді. Бүгінгі таңда еліміздің 80 жоғары оқу орнында 137 ЖИ-агент енгізілген, ал тағы 363 ЖИ-агент әзірлеу сатысында тұр. Студенттер әзірлеп жатқан ең танымал ЖИ-агенттерге – ЖИ-қабылдау комиссиясы, ЖИ-чек, ЖИ-прокторинг, ЖИ-лектор, ЖИ-кітапхана, ЖИ-психолог және білім үдерістерінің тиімділігін арттыру мен жоғары оқу орындарының қызметін автоматтандыруға бағытталған өзге де мамандандырылған шешімдер жатады.

«Бұған дейін министрлік «AI-Sana» бағдарламасы аясында Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізгенін атап өткім келеді. Бұған дейін қойылған барлық міндет белгіленген тәртіппен орындалып, алдағы қадамға қажетті негіз да­йындалды. Сонымен қатар осы жылы 1 қазанда өткен Кеңесте Мемлекет басшысы жаңа міндеттерді айқындады: «AI-Sana» бағдарламасын одан әрі іске асырып, кадрлық әлеуетті дамыту арқылы маман даярлаудың жаңа кезеңіне көшу; Ғылыми серпілістерге жол ашатын және құзыреттер орталығына айналатын мамандандырылған зерттеу уни­верситетін құру; Сапалы цифрлық ресурстар мен заманауи оқыту стандарттарына қолжетімділікті қамтамасыз ете­тін ұлттық білім платформасын әзір­леу. Осылайша, министрлік­тің алдағы жұмысы осы стратегиялық бағыттарға сәйкес құрылып, елімізде жасанды интеллект саласын жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді», деді вице-министр.

Брифингте Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім коми­­те­тінің басқарма басшысы Рыскүл Құды­ретту­лаева бүгінгі таңда жасанды интеллект саласында кадр даярлау шетелдің жетекші университеттерімен бірлесіп жүзеге асып жатқанын айтты.

«Қазақстандағы «Cardiff» универ­си­тетінде жасанды интеллект орталығы ашыл­­ды, сондай-ақ қазіргі таңда 3 жо­ға­ры оқу орны нақты серіктестік жоба­лар­­ды: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті SeoulTech-пен, Satbayev University City University of Hong Kong-пен, Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс ­Қазақ­стан техникалық университеті Лу Бань шеберханасы­ның базасында жүргізіп отыр. Осын­дай тәжірибе бас­қа оқу орын­дарында да дамып келеді. Мәселен, «Astana IT University», Халық­аралық ақпараттық технология­лар университеті, т.б», деді Р.Құдыретуллаева.

Оның баяндауынша, жасанды интеллект саласында кадр даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін жоғары оқу орындарында инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Жетекші университеттердің базасында ғылым мен практиканы ұш­тастыратын жасанды интеллект бойынша арнайы орталықтар мен зертханалар құрылды. Бүгінде жасанды интеллект орталықтары еліміздің бірқатар оқу орнында табысты жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар жасанды интеллект бойынша арнайы кафедралар да 4 университетте ашылды. Одан бөлек, ғылыми зертханалар да жұмыс істейді. Назарбаев университетінде «Ақылды жүйелер және жасанды интеллект» деп аталатын арнайы институт былтыр бөлек ғылыми зерттеу институты болып заңды тұлға ретінде қайта құрылды.

Баспасөз конференциясында сөй­леген үшінші спикер Л.Н. Гумилев атын­дағы ЕҰУ Цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова университетте «AI-Sana» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын жет­кізді. Оның сөзіне қарағанда, аталған бағ­дарлама оқу, ғылым және иннова­цияны біріктіретін экожүйеге айнал­ды. Бұл жасанды интеллект құзы­реттерін қа­лыптастырып қана қоймай, уни­верси­тет­тің практикалық міндетін шешуге арнал­ған нақты AI-өнімдерді де әзірлеп жатыр.