Туризм • Бүгін, 17:15

Үш млн адам Қатонқарағайға сүйсінді

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылдық аймақтарды дамыту қорының айтуынша, қыркүйектің соңында америкалық блогер Крис Джундеф пен германиялық Йоханнес Хулш Қатонқарағайға келді. Екеуінің де әлем бойынша бір жарым миллионнан астам жазылушысы бар, деп жазады Egemen.kz.

Үш млн адам Қатонқарағайға сүйсінді

Таңдау еркіндігі мол болса да, олардың бағыты Алтайдың етегіндегі, пеш түтіні аралас таңғы ауасы бар Қазақстанның шығысына бұрылды. Олар туристік орын іздеп келген жоқ. Камералары ауыл өмірін түсірді. Дастарқан жаюға дайындалып жатқан әйел, есік алдында қалғып жатқан ит, күзгі өрістегі ат. Көріністерде еш жасандылық жоқ, бірақ сол сәттердің өзінде өмірдің сабыры мен салмағы бар.

Қатонқарағайдың аты кейінгі жылдары жиі айтыла бастады. 2023 жылы аудан Top 100 Green Destinations тізіміне енді. Биыл Euronews арнасы арнайы сюжет көрсетті. Блогерлер жиілеп, жаңа бағыттар мен идеялар пайда болды. Әлем назары Алтайға бет бұрғандай.

Бірақ бұл назардың артында бір сұрақ тұр. Танымал болған тыныштықтың құны қандай? Ауылдық аймақтарды орнықты дамыту қорының жетекшісі Фатима Герфанова Қатонқарағайдың ерекшелігі туралы айтты.

«Қазақстанда туристік әлеуеті бар 74 аудан бар, соның ішінде Қатонқарағайдың миссиясы бөлек. Бұл – даму мен ұқыптылық қатар жүретін бағыттың үлгісі. Ауданда туризмді дамыту жоспары бар. Онда басты мақсат – табиғатты сақтау және тепе-теңдікті жоғалтпау. Жергілікті кәсіпкерлердің сөзімен айтқанда, бізге көп турист емес, түсінетін адам керек. UNWTO дерегі бойынша, Y және Z буынының 86% сапардан әсер емес, тәжірибе іздейді. OECD сарапшылары ауыл туризмін пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтірудің тиімді жолы деп есептейді», дейді ол.

Францияда Petites Cités de Caractère бағдарламасы арқылы шағын қалалар қайта жанданды. Италияда Borghi più belli d’Italia елді мекендері қорғалып жатыр. Жапонияда One Village, One Product қозғалысы ауылды өзін-өзі танытудың мектебіне айналдырды. Кореяда фермерлік пен цифрлық технология бірігіп, «ақылды ауылдар» пайда болды. Исландия мен Норвегияда ескі қожалықтар қонақүйге айналып, әр бөлме өз әулетінің тынысын сақтайды.

Бұл тәжірибелердің бәрі бір нәрсені дәлелдейді. Орнықты туризм – мәдениет, табиғат және экономиканың арасындағы теңдік.

«Қазақстан осы тұста сақ болуы керек. 2024 жылы қабылданған Ұлттық даму жоспарының туризм бөліміне тек сандық мақсаттар енгізілген. Онда шетелдік туристер санын төрт миллионға, жалпы ағымды он бес миллионға жеткізу көзделген. Бірақ бұл өсімнің сапасы жайлы ештеңе айтылмаған. Табиғатқа түсетін салмақ, мәдени ортаны сақтау, ауылға түсетін пайда мен жергілікті халықтың орнықтылығы ескерілмеген. Бұл э ескертуге лайық белгі. Сан артқан сайын мән азаюы мүмкін. Сонда ең қымбат нәрсе – тыныштық пен тазалық жоғалады», дейді Ауылдық аймақтарды дамыту қоры өкілдері.

Қатонқарағай өз жолын іздеп келеді. Мұнда басты назар ақшада емес, сенімде. Халық келген қонақты өмір ырғағына бейімдейді, табиғат үндестікке үйретеді. Турист бақылаушы емес, тіршіліктің бір бөлшегі болады. Шетелдік блогерлердің сапарының мәні де осында. Олар Қатонқарағайдың шынайы тынысын көрсетті. Кадрларында бояу да, жасандылық та жоқ.