Ғылым • Кеше

Міржақып Дулатұлы дәрісханасы ашылды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республика күніне орай Абай университетінде қазақ халқының көрнекті ағартушысы, тұңғыш математика оқулығының авторы Міржақып Дулатұлының есімін ұлықтау мақсатында «М.Дулатұлы атындағы математика дәрісханасының» тұсауы кесілді, деп жазады Egemen.kz.

Міржақып Дулатұлы дәрісханасы ашылды

Бұл тағылымды іс оқу орнының Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілептің бастамасымен жүзеге асқанын айта кету керек. Аудиторияның ашылуына еліміздің белгілі академиктері мен ғалымдары қатысты.6

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ ғылымы мен білімінің іргетасын қалаған тұлғалардың рухани мұрасын жаңғырту, сондай-ақ ұлттық педагогика дәстүрі мен заманауи білім беру арасындағы сабақтастықты нығайту. Дәрісхананың лентасын академик Мұрат Жұрынов пен әлемге танымал математик, академик Мұхтарбай Өтелбаев қиды.

Физика-математика факультетінің жанынан ашылған жаңа дәрісхана заманауи оқу жабдықтарымен, интерактивті тақтамен және ғылыми-әдістемелік материалдармен толық қамтамасыз етілген. Аудиторияда Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын танытатын көрнекі ақпараттар, сирек басылымдардың көшірмелері және ағартушының әйгілі «Есеп құралы» атты еңбектерінің цифрлық нұсқалары орналастырылған.6

Салтанатты басқосуды университеттің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп ашып, Міржақып Дулатұлының педагогикалық және ғылыми мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.

– Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлына дәрісхана ашуымыздың себебі айқын. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – тұңғыш жоғары оқу орыны. Ал осы тарихы әріден басталатын қасиетті қара шаңырақтың ашылуында Алаш арыстарының еңбегі өте зор. Ұлт мақтаныштары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов дәріс оқыды. Әліпбидің тұңғыш авторы Ахмет Байтұрсынұлы секілді олардың көпшілігі талай істің тұңғыштары саналады. Қазірде ҚазҰПУ – көшбасшы педагогикалық оқу орны ретінде Қазақстан мен Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан, Алаш арыстарының ішінде тұңғыш қазақ тіліндегі математика оқулығын жазған, биыл туғанына 140 жыл толған Міржақып Дулатұлының есімін физика-математика факультетінде дәрісханаға беру – толықтай заңды әрі орынды деп есептеймін, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп.

6Шараның модераторы Абай университетінің профессоры, академик Алма Әбілқасымова «Міржақып Дулатұлы ХХ ғасырдың басында қазақ балаларына арналған тұңғыш математика оқулығы – «Есеп құралын» жазып, ұлттық бастауыш білім беру жүйесіне тың серпін әкелді. Біз оны «Қазақстанда математиканы оқыту сабақтастығының қалыптасу тарихы» атты оқу құралында жан-жақты жазып шықтық» деді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған академик, ғалымдар М.Жұрынов, М.Өтелбаев, М.Қойгелдиев, А.Жарменов, М.Садыбеков, осы университет түлегі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси және ағартушылық тұлғасын барынша ашып берді.

Жиынның құрметті қонағы – Мір6жақып Дулатұлының жиені, аудиторияның жасақталуына демеушілік жасаған «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев университет ұжымына ағартушы есімін ұлықтауға бағытталған бұл бастама үшін алғысын білдіріп, біртуар тұлға ұрпақтары атынан ЖОО басшылығына және салтанатты жиынға қатысқан мәртебелі қонақтарға «Міржақып Дулатұлы» медалін табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, Міржақып Дулатұлы ана тілімізде жазылған тұңғыш романның ғана емес, мектеп оқушыларына арналған алғашқы «Есеп құралы» математика оқулықтарының да авторы. Сан мәрте басылып шыққан бұл оқулықтар – кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ және қырғыз мектептерінде математика пәнін оқытудағы негізгі оқу құралы болған. Бірнеше ұрпақ өкілдері олардың көмегімен ана тілінде математикалық сауат ашқан.6