Айтжан – Өзбекстанда туып-өскен қандасымыз. Бала кезінен балуандық өнерге ден қойған ол бірден дара талантымен оқшауланды. Әуелі 2022 жылы Римде жасөспірімдер, биыл Софияда жалауы желбіреген жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Мамыр айында Амманда ересектер арасында Азия чемпионы атанды.
Загребтегі дүниежүзілік додада 63 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Айтжан шеберлігімен тәнті етті. 19 жастағы қандасымыз тұсаукесер кездесуінде Еуропа чемпионатының екі дүркін жүлдегері, украиналық Александр Грушинді ойсырата ұтса, ширек финалда еліміз құрамасының белді мүшесі, әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы Ержет Жарылқасыновты мерзімінен бұрын жеңді. Жартылай финалда жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, молдовалық Виталий Еременконы оңай еңсерген Айтжан финалдық жекпе-жекте Оңтүстік Корея оғыланы, Азия ойындарының қола жүлдегері Ханджэ Чунды айқын басымдықпен ұтты.
Жалпы, күрестің бұл түрінен Өзбекстан балуандарының алтын алмағанына табаны күректей 24 жыл болған екен. Осылайша, қазақтың қайсар ұлы А.Қалмахановтың арқасында ала шапанды ағайындарымыз ширек ғасыр бойы аңсаған армандарына қол жеткізді.